МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ МЕРЕЙЛІ ЖАСТА

568 көрілім

             «Фараб» әмбебап кітапханасында ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Жастар сыйлығының лауреаты, журналист, ғалым, композитор Бекжігіт Сердәлінің «Сөйле десең, сөйлейін. Мен қазақтың баласы!» атты екі томдық кітабының тұсауы кесілді. Іс-шараға айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, Қазақстан Жазушылар Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым бастаған зиялы қауым өкілдері, Түркістан қаласы және Сауран ауданы әкімдігінің өкілдері, қаламгердің замандастары мен шәкірттері қатысты.

            Салтанатты шараны Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков пен облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова ашты. Сонымен қатар, кітапхана директоры Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың құттықтауын жеткізіп, Алғыс хатын табыстады.  Айта кетейік, туған күні қарсаңында жарық көрген қос томдыққа ғалым, сазгер Б.Сердәлінің қоғамдық өмірдің түрлі тақырыптарына қалам тербеген тәрбиелік һәм танымдық мәні бар қысқа жазбалары мен сұхбаттары топтастырылған. Сондай-ақ, кітаптан  автордың замандастары мен достарының жылы пікірлерін де кездестіруге болады.

            Кеш барысында Б.Сердәліге арналған көрме мен «Жас жұбайлар» әнінің шығу тарихына арналған шағын қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Сан салада танылып, бірнеше өнерді бойына біріктірген қаламгер туралы қалалық әйелдер алқасының төрайымы, ҚР Мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаева, «Құрмет» орденінің иегері, тарих ғылымдарының кандидаты Баян Адырбек, облыстық қазақ тілі қоғамының төрағасы Бақытжан Сүлейменұлы, «Оңтүстікфильм» мекемесінің директоры Райхан Нарикова жылы лебізін білдірді. Төл шәкірттері Мақсат Айтжанов, Қанат Садықбеков, Марат Оразымбетов ұстазына деген ақжарма тілегін арнап, әндерін орындады.

            Сөз бен саз салтанат құрған мерейтойда Бекжігіт Сердәлінің «Бұл қазақ» және «Қайдасыңдар, қазағымның қарттары?» атты қос бірдей жаңа термесінің тұсауы кесіліп, кеш «Түркістаным Тұраным» әнімен қорытындыланды.

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы