КҮЗГЕ ҒАНА ЖАРАСАДЫ ЕКЕН ҒОЙ…

7  242 көрілім

«Түркістан» газеті жас таланттардың тырнақалды туындыларын үнемі насихаттап келеді. Осы кезге дейін бірнеше жас ақынның жауқазын жырлары оқырмандардың ыстық ықыласына ие болған еді. Бұл жолы да жаңа, жас ақындардың жалынды жастық шақ пен мөлдір махаббат тақырыбындағы өлеңдері өздеріңізге жол тартып отыр.

«Күз – ақындар мезгілі». Сағыныш маусымына айналған жаңа мезгілді төмендегі жүрекжарды жырлармен ашпақпыз. Сүйкімді ырғақ, сыршыл ойдан тұратын Сұлтанғали мен Серіктің әуені әсерлі жырларымен таныс болыңыз, мәртебелі оқырман!

Серік ҚАЛДАН – 2005 жылы 29 қарашада Түркістан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. Ынталы ауылындағы Ә.Байтанаев атындағы 9 жылдық орта мектепте, кейін Түркістан қаласындағы №28 мектеп-лицейінде білім алған. Қазіргі таңда Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің студенті.

ТҮРКІСТАН

Түркістаным, шалқып жатқан қойнауында бағы бар,

Түркістаным, бабам жаққан тұғырында шамы бар,

Түркістаным, бабам жатқан көк күмбезің көк тіреп,

Көк күмбезде көк мәрмәрлі Абылайдың тағы бар…

Батыр далам, атқа қонған батырларың, өренің,

Ақын далам, Яссауидің хикметі сен едің.

Жатыр далам қойнауына салып алып әлдилеп,

Ақын балаң ойға шомған, соларға арнап өлеңін.

Есейемін алып сенен өмірлік нәр, тағылым,

Көшелерің көрсетеді өткен күннің сағымын.

Кешегі мен бүгінгінің куәсісің, Түркістан,

Сыр шертеді тарихымнан тасың менен тамырың.

Түркістаным – түп тамырым, елдігімнің тұғыры,

Түркістаным, Абылайдың, Сәмекенің ғұмыры.

Жанын қиып, жауға шапқан Бөгенбай мен Жәнібек,

Дүбірлеп тұр, жазираңда тұлпарының дүбірі.

Киелі өлкем, төрт әлемнен таба алмаспын сендей жер,

Киелі өлең, тосырқама, шабыттанып селдей бер.

Түркістаным – Түркілердің айбыны асқақ ордасы,

Алға басып, биіктерден биіктерге өрлей бер!

ТӘУЕЛСІЗБІН, ЕРКІНМІН

О, далалар, тәуелсізбін, еркінмін,

Осы күнді қалай қолға келтірдім?!

О, бабалар, сан шайқасып, қан төгіп,

Осы күнге жету үшін жең түрдің.

Даламыздан еркіндіктің желі есіп,

Ұрпақтарың тай-құлындай тел өсіп.

Кешегі мен бүгінгіні сыр қылып,

Мен отырмын өлеңіммен кеңесіп.

Ұмыта алман, елім, кеше, бүгінді,

Арнап жазам, солар үшін жырымды.

Желтоқсанда қан төккенде боздақтар,

Сол қанымен бояп еді туымды.

Естен кімдер шығарады сол сеңді,

Мәңгі есте қалар болды сол сенбі.

Бұдан кейін бейбіт болсын күніміз,

Сол Желтоқсан қантөгіс боп ең соңғы!

Осы менің тілегім де айтарым,

Сен аман бол, тәуелсіз ел, байтағым.

Мен өзіңді жақсы көріп, кей күні,

Тәуелсіздік даңғылымен қайтамын.

Тәуелсіз ел, көркім болсаң көркіңмін,

Ертең үшін мен де міне жең түрдім.

Қазақиям – азат ұям, сен барда,

Мен Қазақпын, Тәуелсізбін, еркінмін!

ҚҰМЫРСҚА ШЫНДЫҚ

Шындық үшін таласып, тартысамыз

Ақиқатқа жетудің шарты жалғыз.

Сол жайында бір әңгіме оқып едім,

Мәнін ұғып, сол жайлы айтысармыз.

Адамдар шындық жайлы не байқасын?

Сол жайында бір ойшыл ой шайқасын.

Келіпті құмырсқаға сұрау салып,

–Құмырсқа, аңдар жайлы не айтасың?

Арыстанды, жыланды ақ деп қарап,

Ал, құстарды қатігез күшке балап,

Құмырсқаның жауабы таңдандырды

Залым көріп құсты да аққу қанат.

Қарап тұрсақ, бұл-шындық жәндік үшін,

Бір дән үшін қанша күн салды күшін.

Ал, шындықтар әртарап болғанымен

Ақиқат біреу ғана соны түсін.

Ақиқатта бар екен бір шын талап,

Мәселе көзіменен кімнің қарап,

Шындықты қай өлшеммен өлшеуінде…

ҚАЗАҚ – АХМЕТ

Алты алаштың ұстазы, дастан-ері,

Торғайдан дүние есігін ашқан еді.

Отар болған жұртының қамы үшін,

Не көріп, не кешпеді бастан ері?!

Бақ боп туған қазақтың даласына,

Айналып халқының өр баласына.

Күресіп азаттықтың ақ жолында,

Ұлтының құл болғанын қаласын ба?

Еңбек жолын ұстаздықтан бастап еді,

Ақылы жеті әлемнен асқан еді.

«Қазақ» деп газет ашып ұлты үшін,

Алаш деп намыс отын жаққан еді.

Бұл қазақ не көрмеді отарлықтан?

Қол үзіп қалармыз деп отандықтан.

Алашорда негізін қалап еді,

Ап шықпаққа қазақты бодандықтан.

Табылар ма дегенде шындық енді,

Қазақты құтқаратын білді жолды.

Әліппені өзі жазып, ұстаз болып,

Еңбегі сол қоғамға үлгі болды.

Көргенде туған елдің кер кеткенін,

Көзінің жасын көлдей селдеткенін.

Түрмеде жатсадағы елі үшін,

Тоқтаусыз жаза берді еңбектерін.

Жалғыз-ақ жаратқан боп сыйынғаны,

Ойымен сан қияны шиырлады.

Соңында атылды да арысымыз

Елінен топырақ та бұйырмады.

Еңбегі келеді әлі демеп бізді,

Жолсызды қазағына жол еткізді.

Кешегі Ахметтей арыстардың,

Рухы жүрер әр кезде жебеп бізді.

Қолымызға өр рухты ту ұстайық,

Дәстүрді, тілімізді ұмытпайық.

Ертеңге ұмыт болмай жету үшін,

Ахметтей арыстарды ұлықтайық!

*   *   *

Тамақ іздеп шықты қасқыр бір күні,

Жол бойында серік еткен күлкіні.

Арам ойлы, айлакер бір танысы,

Жолықтырды жылмаңдаған түлкіні.

– Жолың болсын! Барасың жортып қайда?-

Деді түлкі жылмаңдап, ойлап айла.

Қомағай, аңқау қасқыр қу түлкіні

Ерте жүрсем болар деп мұнан пайда.

– Тамақ іздеп барамын, бол жолсерік,

Кенелермін олжаға түлкі келіп.

– Соңымнан ер! Білемін мен бір жерді.

Қасқыр көніп, түлкіге берді ерік.

Түлкі бастап, екеуі жортып кетті,

Күн сәскеден өткенде көлге жетті.

Аш қасқырдың көздері балбұл жайнап,

Көреді көл жанында жатқан етті.

Тегенедей қой құйрығы төңкеріліп,

Жатты жерде қасқыр келіп қасына

Бал-бұл жайнап көздері көмкеріліп.

Келіп бірден күдік ойлар басына,

Сұрады:

– Бұл не қылған батпан құйрық,

Қалайша айдалада жатқан құйрық?

Болмапты бұлай оңай тапқан құйрық.

Қипақтап түлкі сонда жауап берді:

– Бір қомағай базарға барған шығар,

Сол жерден құйрық сатып алған шығар.

Қанжығасын бос байлап, жол бойына

Бұл құйрық содан түсіп қалған шығар?

Сонда да қасқыр біраз күдіктенді,

Қасына түлкі маңғаз жүріп келді.

«Қорықсаң мен-ақ жейін» дейтін болсам,

Күдігі сейілер деп үміттенді.

Қасқыр енді құйрыққа бас ұрады,

Қасында күліп қарап қу тұрады.

Бір кезде у дарыды, мұрттай ұшты,

Іші кеуіп, түлкіден су сұрады.

– Е, қомағай, құйрық жейтін батырмысың?

Әлің кетіп, енді өлгелі жатырмысың?

Деді де қу келеке қып кете барды,

Тілге келмей, дөңбекшіп қасқыр қалды…

Осы екен түлкі тапқан батпан құйрық,

Айдалада тегіннен жатқан құйрық.

Оңай жерде олжа жоқ, еңбектенсек,

Бәрі болар, жетсе егер хақтан бұйрық.

Сұлтанғали ДӘУЛЕТ – 2004 жылы 4 ақпанда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қаратөбе ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің «Актёрлық өнер» мамандығының 3-курс студенті.

СЕН СОНДАЙСЫҢ

Қарасаң күлімдеп жаңа атқан таңдайсың,

Құдайым мен үшін жаратқан жандайсың.

Кей кезде сөзіңмен, күлкіңмен алдайсың,

Кей кезде ашумен қаттырақ қармайсың.

Иісің жұпар гүл, тәп-тәтті балдайсың,

Соныңмен өзіңе тартып бір арбайсың.

Өмірде мен барда сен жалғыз қалмайсың,

Кейде өзің қалғанда мені еске алғайсың.

Көңілді қуантар хаттарды жолдайсың,

Кейде ойдың аспанын бұлт болып торлайсың.

Бойыңда мінің жоқ тағайын қандай сын?

Сен әрі қарай да осылай болғайсың!

Кескінің бейне әсем қашалған мүсіндей,

Ақ жүзің әдемі ақша қар түсіндей.

Кейде iсiң тым қырсық адамның ісіндей,

Кейде өзім мен сені қаламын түсінбей.

Керексіз істерге жоқ жерден бармайсың,

Қателер кетсе де жек көріп қалмайсың.

Мүлде алыс кетпе сен, жанымда қалғайсың,

Дәл солай жасасаң, сен жаман болмайсың!

Сен сондайсың…

Шын керек кездерде сөзіңмен қолдайсың

Бақытқа мені шын бастайтын жолдайсың

Жүрекке керексің, сезімді қорғайсың,

Себебі бөлексің, өйткені сондайсың…

КҮЗ БЕН БІЗ

Құдай жазса ғана баққа жетерміз,

Пенделікпен алданамыз бекер біз.

Күйбеңменен жүріп мына сұр күздің

Айтарына қарамайды екенбіз.

Пендеміз ғой бұлдыр арман тұр бізде,

Тек шынайы өмір сүріп жүрміз бе?

Өткенің мен көктеміңді ойласаң,

Ауыр ойға салады екен бұл күз де.

Бәріміз де жұрт көзінше жарқынбыз,

Бәріне де кереметпіз, алтынбыз.

Жылулықтың көбі алдамшы екенін,

Ұғындырып тұрады екен салқын күз.

Кейде өсіп менмендікке саламыз,

Заман емес біз өзгеріп барамыз.

Ештеңенің мәңгі емес екенін

Жапырақпен көрсетеді дана күз.

Жүрміз әлі келмей сабыр, ақылға,

Амалымыз бір өмірге татыр ма.

Адамзаттың күнәларын мына күз,

Жауынымен жуып-шайып жатыр ма?

Құр уайыммен сарғаямыз, бекер ғой,

Тылсым күшті түсінуге жетер ме ой?

Адамға емес, сары түстің барлығы

Күзге ғана жарасады екен ғой…

СОЛ АЗ БА?

Қарасам көкке қиялдап,

Тұрады бейнең көрініп.

Сұлулық мені жиі арбап,

Сыйлады маған көп үміт.

Тыңдасам әуен ішінен,

Тұрады үнің естіліп.

Тастайтын еркем ісімен

Тым бөлек күйлер кештіріп.

Иіскей қалсам бір гүлді,

Келеді иісің ғажап-ақ.

Сыйладым құрап жыр құнды,

Ойлардан жатқан мазалап.

Келеді ойға есімің.

Жыр жазсам бастап қағазға,

Кештірдің қайғы есілін,

Сүйдім ғой сені, сол аз ба?

ЖАУЫНДАҒЫ ОЙ

Тәңір ием суға берген өмірде

Бар арынын, қуатын.

Кейде жауын керек екен көңілге,

Нала-мұңды жуатын.

Жан қайғысы аппақ ойдан жасады

Күңіренген түнек түн.

Себелеген салқын тамшы басады,

Күйінішін жүректің.

Бұл ақ жауын күш береді сенімге,

Дегенінен танбаған.

Көп жандардың қандырады шөлін де

Мейірімге қанбаған.

Мөлдір тамшы тамады адам бағына,

Қабыл болып тілектер.

Жауынменен жұмсарса ғой тағы да,

Тасқа айналған жүректер.

Қатты күшпен жерге бағыт алды әні

Тырсылдаған қаралы үн.

Бетін ашып тастамаса болғаны,

Бұрын біткен жараның…

ТІЛЕК

Жүрегімді қинаса да талай мұң,

Шексіз болып көрінердей бар айдын.

Көктен түскен шуағындай арайдың,

Мен баянды махаббатты қалаймын.

Сүйгенімен баққа жетіп келелі,

Бар әлемде тек сол болып сенері.

Жанды өртеп, от қылатын денені,

Сезім дәмін татып көргім келеді.

Сол бір жанды кезіктіргім келеді,

Ғашықтық – дерт, төзіп көргім келеді.

Жан әлемін кезіп көргім келеді,

Махаббатты сезіп көргім келеді.

Хәл болмастай өзгеге көз саларға,

Ой қалмастай басқадан бақ табарға.

Бар айтары шығып тұрған жанарда,

Ғашық болғым келеді бір адамға.

Көкейіне қаптағанда жауыр мұң,

Жанынан да келеді көп табылғым.

Бәрін беріп соған қуат, жалынның,

Мен бір жанды келеді көп сағынғым.

Соның атын құрап алып жұлдыздан,

Жолында еш тайсалмастай шың-құздан,

Жан дүниеме өз әлемін құрғызған,

Мен шын бақыт тапсам екем бір қыздан!

ІЗДЕУ САЛАМЫН

Болғанмен өрлі өнері,

Ақынның болмас сенері.

Музама іздеу саламын,

Шабыттың бар ма номері?

Ашылмай көңіл бұлағы,

Жазылмай ойлар тұр әлі.

Өлеңнің қайда мекені,

Жырымның қайда тұрағы.

Аша алмай көзін қалдым-ау,

Жырға сап тағдыр қалбырау.

Шабыт құс қолда бар еді,

Ұшырып соны алдым-ау.

Жарыққа шығып ой әлем,

Қайғының бәрін жояр ем.

Оралса оны мәңгіге,

Жүрекке қамап қояр ем.

Қара бұлт торлап көңілде,

Ешкімге қалмай сенім де.

Жазылмай өлең тоқтаса,

Тоқтайды маған өмір де…

БАСҚА АДАМБЫЗ…

Жолыңды тосып көрдім,

Нұрыңды шашып келдің.

Сөзімді тыңдадың да

Дейсің бе ғашық болдым?

Сезімді төге алмаймын,

Төгем деп неге алдаймын.

Ол мүмкін басқанікі,

Жүректі бере алмаймын!

Бұл өмір айнаң дара,

Емес жай сайран ғана.

Сен маған ғашық болма,

Түндерде ойланба да.

Қағаздай аппақ арлым,

Бірден сыр ақтарар кім?

Мені есте сақтағанша,

Үмітін ақта анаңның.

Келмейді гүл де әпергім,

Ай менен күнді әкелгім.

Даусымды тыңдағанша,

Ақылын тыңда әкеңнің.

Сезімді тастағанбыз,

Жаңа өмір бастағанбыз.

Жанымыз бөлек әлем,

Екеуміз басқа адамбыз!

Бетті әзірлеген:

Дәурен ТІЛЕУХАН,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы