ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ПЛЕНАРЛЫҚ ОТЫРЫС ӨТТІ

207 көрілім

 

Ақтауда өткен Қазақстанда туризмді дамыту жөніндегі халықаралық форум аясында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың, мемлекеттік органдар мен турбизнес өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс өтті.

Іс-шараның модераторы ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев болды. Ауқымды жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев және жауапты басқарманың өкілдері қатысты.

Премьер-министрдің құттықтау сөзінен кейін Ермек Маржықпаев және отырыстың басқа да қатысушылары баяндама жасап, еліміздегі туризмді дамыту перспективалары, осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, өз ұсыныстарымен бөлісті.

Атап айтқанда, ҚР Туризм және спорт министрі отандық туризм индустриясының 9 өзекті мәселесін атап өтті.

Біріншісі – визалық-көші-қон режимін жетілдіру. Атап айтқанда, азаматтары Қазақстанға визасыз келу мүмкіндігі бар шет мемлекеттер санын 100-ге дейін ұлғайту. Сондай-ақ ұйымдастырылған туристер топтары үшін виза алу процесін жеңілдету.

Екінші – халықаралық әуе қатынасын дамыту. Министр өткен және осы жылы халықаралық авиакомпаниялармен бірқатар кездесулер өткізілгенін, олардың қорытындысы бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілгенін хабарлады. Мәселен, осы айдың соңында Дели-Алматы-Дели бағыты бойынша үнділік IndiGo лоукостерінің алғашқы рейсін іске қосу жоспарланған. Сауд Арабиясының FlyNas компаниясымен, Малайзияның Air Asia x компаниясымен және басқа да бірқатар мүдделі серіктестермен келіссөздер жүргізілуде.

Үшінші мәселе-елдің туристік брендін дамыту. Мысалы, «Kazakh Tourism ҰК» АҚ өңірлік бөлімшелерін және компанияның шетелдік өкілдіктерін ашу арқылы. Бұл қажеттілікті отандық бизнес те, халықаралық сарапшылар да атап көрсетеді.

Төртінші тармақ – Қазақстанның туризм саласындағы инвестициялық әлеуетін дамыту. Министр жеңілдетілген несиелеудің қазіргі тетігі 5 жылға есептелгенін, ал қонақүй кәсібі шығынын өту мерзімі 10 жылды құрайтынын атап өтіп, туристік жобаларды қаржыландыру мерзімін ұлғайтуды қарастыруды ұсынды.

Бесінші мәселе-курортты өңірлердің инфрақұрылыммен жеткіліксіз қамтамасыз етілуі. Инженерлік инфрақұрылымға қажеттілікті азайту үшін әкімдіктерге елді мекендерден тыс жерлерде және ұлттық парктер аумағында туристік инфрақұрылым салу бойынша заңнамалық құзыреттер беру, сондай-ақ өз есебінен автожолдар, электр желілері және басқа да объектілер салатын инвесторлардың шығындарын өтеу тетігін енгізуді қарастыру туралы ұсыныс айтылды.

Алтыншы -экотуризмді, агротуризмді және балалар туризмін дамыту. Атап айтқанда, министр глампингтер санын көбейтуге, қонақ үйлер мен балалар лагерлерін салуға бағытталған шараларды енгізу қажеттілігіне назар аударды.

Жетінші тармақ-еліміздің білікті гидтері, туробъектілері мен маршруттары туралы нақты және егжей-тегжейлі ақпарат беретін мәліметтер базасын құру.

Сегізінші мәселе-жаңа және қолданыстағы орналастыру орындарына қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында заманауи критерийлер мен стандарттарды ескере отырып, қонақүйлерді жіктеу жүйесін реформалау.

Тоғызыншы тармақ-туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ұйымдастырылған туризм үшін жағдай жасау. Министр ұлттық саябақтарда ұйымдастырылған туристер ағынын басқару үшін визит-орталықтар салынып жатқанын еске салды. Онда қонақтарға жергілікті экожүйе, маршруттар туралы ақпарат беріледі, сондай-ақ туристер жоғалған жағдайда қауіпсіздік пен шұғыл әрекет ету үшін жағдайлар жасалады.

«Біз айтылған 9 бастаманы іске асыруды пысықтаймыз. Мұндай іс-шаралар Қазақстан туризмін дамыту үшін өте маңызды. Мемлекет басшысы атап өткендей, елімізде тартымды туристік нысандар бар, бірақ олар әлі де қолжетімсіз және осы саладағы елеулі серпіліс үшін бірінші кезекте инфрақұрылымдық мәселелерді кешенді шешу және сервис сапасын түбегейлі арттыру қажет. Қазақстандық туристік қоғамның тәжірибесі мен білімі бірінші дәрежелі шетелдік сарапшылардың қолдауымен және Үкіметтің жалпыға бірдей қолдауымен оң нәтиже беретініне сенімдімін және отандық туристік өнімді жетілдіруді жалғастыра аламыз», – деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев елімізде туризм саласындағы инвестициялық әлеуетті дамытуға көп көңіл бөлінетінін атап өтті. 2019 жылдан бастап жалпы сомасы 437 млрд теңгеге 400-ден астам инвестициялық жоба іске қосылды. Биыл 288 миллиард сомаға 115 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар 14 мыңнан астам төсек-орын және 1,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын ашады.

Министр 2023 жылдың жартыжылдығының қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 3,1 млн.адамды құрағанын және өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 400 мыңға өскенін айтты. Жыл қорытындысы бойынша ішкі турист саны 9 млн-ға жетеді деп болжануда. Шетелдік туристер саны 1,8 есе өсіп, бұл көрсеткіш 500 мыңнан астам адамға жетті. 2023 жылдың қорытындысы бойынша шетелдік туристердің саны 1,4 млн-нан асады деп болжануда.

«Біз саланы дамытудың жаңа кезеңінің қарсаңында тұрмыз. Сондықтан бүгін біз үшін жергілікті туристік қоғамдастықпен және шетелдік әріптестермен кейбір негізгі мәселелерді талқылау маңызды. Барлық айтылған идеяларды, ұсыныстарды, сұрақтар мен бастамаларды «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ әріптестеріміз тіркейтін болады, ал қатысып отырған салалық органдар мен әкімдіктердің өкілдері өз пікірлерін бере алады. Бүгінгі іс – шара нәтижесінде туризмді одан әрі дамыту үшін нақты қадамдар жасауға ниеттіміз», – деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы