қазақтың бай тілінде «мерген» дейтін сөз, яғни атау бар. Ерте кезде садақ ату мен мергендік өнер бір сөзбен айтқанда, ұлыстың бекемдігі үшін баға жетпес құндылық саналған. Сондықтан көшпелі халқымыз ер баланы жастайынан садақ ұстауға баулып, елін қорғауға тәрбиелеген.
Осыған орай Кентау қаласында орналасқан “Динамо” алаңында “Жастар еліміздің болашағы” атты пробацияда бақылауда тұратын жастар мен қала тұрғындары арасында “Дәстүрлі садақ ату” жарысы ұйымдастырылды.
Игі іс-шараға қаланың прокуроры Ардақ Сапарғалиұлы және Кентау қаласы пробация қызметі бөлімінің бастығы, әділет майоры Исаев Атабек, қалалық ардагерлер алқасының төрағасы Мұратша Түнтеков пен «Әжелер алқасының» төрайымы Роза Жұмабайқызы қатысып, сайыскерлерге сәттілік тіледі. Атаулы шара Кентау қаласының әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің бастамасымен қолға алынды.
Жарыстың мақсаты, ұлттық ойындарымызды жастар арасында дәріптеу, достық қарым-қатынасты нығайту, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру екені белгілі. Сонымен қатар, сайысқа келген қонақтар мен қатысушыларға түрлі ұлттық тағамдар ұсынылды.
Сайысқа жастар арасынан 30-дан астам ойыншы қатысып, үздіктерге бағалы сыйлықтармен қоса, қала әкімінің орынбасары А.Байболованың алғыс хаттары табысталды. Алаңда рухты әндер шырқалып, жиын соңы мерекелік кешке ұласты.
Садақ ату – жауынгерлік өнер. Айта кетейік, оның пайда болу мерзімін көптеген тарихшы-ғалым б.з.б. ІV-ІІІ ғасырлар үлесіне жатқызып жүр. Зерттеушілердің пікірінше, көшпелі Ғұн ұлысы алғаш рет садақшылар (мергендер) қосынын дүниеге келтірген. Қытай жазбаларында ғұндар көсемі тәңірқұты Мөденің үш мың мерген садақшылары болғаны жайлы дерек айтылады. Жазушы һәм зерттеуші Қойшығара Салғараұлы өз еңбектерінде ғұндар аса қуатты ысқырғыш жебесі бар садақ қолданып, жауының үрейін ұшырғаны жайлы жазады.
Сондай-ақ Орта ғасырда жазылған моңғол дереккөздерінде ертеде көшпенділер садақшылардың мергендігі мен ептілігін саралау үшін малдың керген терісін нысана ретінде пайдаланған делініпті. Яғни нысананы (ағашқа керілген тері) 40 оқ (бір оқ шамамен 90-100 см) қашықтықтан бір мерген 20 оқ жұмсап ататын болған. Осы әдіс арқылы мергендердің садақ ату шамасын межелеп, алыс және орта қашықтыққа садақ тартатын топтарды жасақтаған.
1225 жылы Шыңғыс қаған Хорезмді толық бағындырған соң «Бұғылы-Шашақ» дейтін жерде ұлан-асыр той жасап, ат жетер жердегі мергендерді шақырып, сайыс өткізгені туралы тарихи жазбаларда айтылады. Осы сайыста Есей мерген 335 құлаш жердегі нысанаға садақ оғын дәл тигізіп, бас мерген атаныпты. Бір құлашты шамамен 1,5 метр деп есептесек, Есей мерген 502,5 метр, яғни жарты шақырым жерден атқан оғын дәл тигізген. Енді мынаған назар аударыңыз, түрік сұлтаны ІV Мұрад Газис 210 құлаш, ертедегі грек мергені 282 құлаш жерден нысана атып дәл тигізгені жайлы деректер бар. Бұл деректерге назар аударсаңыз, дала көшпелілерінің басқа жұрттан қаншалықты жоғары деңгейде жауынгер болғанын аңғарасыз. Яғни садақ байырғы көшпелілер мұрасы екені сөзсіз.
Ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қолданған. Қарапайым садақты тобылғы, үйеңкі, т.б. ағашты доғаша иіп, екі ұшын қайыспен керіп жасайтын болған. Күрделі, яки құрама садақтың сыртқы беті сіңірмен немесе тарамыспен қапталып, ішкі жағы мүйізбен астарланған, кейде ортасы мен екі шетіне сүйек бастырма қағылған.
Күрделі немесе құрама садақты ежелгі ерте дәуірде сақтар мен ғұндар қолданған дейді зерттеушілер (Қалиолла Ахметжан). Қазақ садағы көшпенді сақ-ғұндар садағының жетілдірілген жалғасы болып саналады.
Қазақ ауыз әдебиетінде садақтарды жасалған материалдарына қарай «қайың садақ», «қарағай садақ», «үйеңкі садақ» «бұлғары садақ», «адырна», «көн садақ» деп бөлсе, қайыңның сарғайған қабығымен қапталған садақты түсіне байланысты «сарыжа» немесе «сарсадақ» деп те атай берген.