РАЙЫМБЕК СЕЙТМЕТОВ ТЕАТРЫНДА ЖАҢА МАУСЫМ АШЫЛДЫ

260 көрілім

 Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласы сазды-драма театрында жаңа маусымның шымылдығы түрілді. Маусымашарға Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысып, құттықтады.

– Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының мәдениет саласын дамыту жөніндегі тапсырмасымен облыс орталығында игі бастамалар қолға алынып, жаңа мамандар келіп жатыр. Облыстағы 3 театрымызда да оң өзгерістер орын алуда. Міне, соның бірі осы қарашаңырақ ғимаратына былтыр күрделі жөндеу жасалды. Ал биыл Райымбек Сейтметов ағамыздың 85 жылдығына орай республикалық театр фестивалі өтеді. Бүгінгі маусымның ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Мол табысқа жете беріңіздер, – деді басқарма басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің жанынан ашылған өнер бөлімі ретінде ұйымдасып, кейін Түркістан қалалық театры болып 2000 жылы 9 наурызда ашылды. Театр ұйымдастырушысы әрі көркемдік жетекшісі – Қазақстанның халық артисі Р. Сейтметов. Құрылған жылдың өзінде-ақ Б. Вахапзаденің “Небесные тюрки” драмасымен Түркияда өткен “Еуропа бірлігі” театр фестиваліне қатысты. Түріктер тарапынан жасалған өтінішке орай түрік тілінде қойылып, кейіннен Қазақстанмен достық қатынастағы елдердің он бір қаласында көрсетілді.

2002 жылы театр музыкалық-драма театр болып қайта құрылды. 2017 жылы театрға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Р. Сейтметовтің есімі берілді. Театр репертуарында М. Әуезовтің “Айман – Шолпан”, С. Балғабаевтың “Ең әдемі келіншек”, М. Баджиевтің “Қалыңдык пен күйеу”, С. Ахмадтың “Келіндер көтерілісі”, Б. Мұқайдың “Тоят түні”, Б. Вахапзаденің (ауд. С. Тоқбалаева) “Елді арандатқан қылыш”, С. Токбалаеваның “Жан-талас”, С. Қасымбектің “Ясауи қасіреті”, Ж. Әлжановтың “Абақты ғұмыр”, У. Шекспирдің “Асауға-тұсау”, Қ. Мырзаәлидің “Әмір-Темір”, Т. Жандәулетовтың “Еркек”, Ш. Мұртазаның “Домалақ ана”, Ж. Жұматтың “Абақты ғұмыр”, Ш. Уәлиханның “Кадет Шоқан”, Д. Исабековтың “Құстар фестивалі”, Ә. Қалдыбаевтың “Әкімнің туған күні”, Ж. Рахматулланың “Өршіл Рух”, С. Оспановтың “Мұңлық – Зарлық”, Т. Минулиннің “Диляфрузға төрт күйеу”, т.б. Театр гастрольдік сапармен Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, Түркияда болып, өнер көрсетті.

Жаңа маусым украиндық драматург Мария Ладоның «Болмаған оқиға» драмасымен ашылды. Жақында ғана тұсауы кесілген қойылымда әлем дамыған сайын адам баласының қатыгездігі қатар күрделеніп жатқаны туралы баяндайды. Ал жер бетіндегі хайуандардың адамнан мейірімді, жүрегі жұмсақ екенін біз біле бермейміз. Білсек те өзімізді жоғары санап мойындамаймыз. Неге? Міне, жауабы жоқ сұрақтарға театр әртістері сахна арқылы жауап беруге тырысады.

Шығарманы қазақ тіліне аударған Құжырғали Төлеуішев. Театрдың көркемдік жетекшісі – А.Наурызбаев. Қойылым режиссері – Махамбет сыйлығының иегері М.Томанов, суретшісі – Қ.Шериев. Рөлдерді К.Аштекова, Ә.Жұман, Ж.Адырбекова, Ж.Маханов, А.Ильясов, Ғ.Бейсенбаев, М.Құрманбеков, А.Индемесова, Ж.Сейдахметова, Т.Қарынбаев, Б.Шаймахан сынды театр әртістері сомдап шықты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы