ТҮРКІСТАН: ӨНЕРПАЗДАРҒА АРНАЛҒАН КАСТИНГ ӨТУДЕ

783 көрілім

Киелі шаһар облыс орталығына айналғалы тек қазақтың емес, түркі әлемінің мәдени, рухани елордасына айналып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды жүргізу, өңір мәдениетін дамыту, өнер майталмандарынан құралған шығармашылық ұжымдарды қалыптастыру үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы тапсырма берген болатын.  Нәтижесінде Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет және туризм басқармасының «Конгресс Холл» көпсалалы кешеніне түрлі бағыттағы өнер ұжымдарын ашу үшін 100 маманға кастинг жариялады.

Өнерпаздарға жаңа мүмкіндік ретінде бос жұмыс орындарына алғашқы байқау 14 тамыз күні өткізілген болатын. Оған Қазақстанның әр өңірінен 40-қа жуық түрлі өнер майталманы мен жас мамандар қатысты. Байқауда арнайы мамандардың сараптауымен 27 жас маман іріктелген еді. Қазіргі таңда өнерпаздардың арасынан вокалдық, классикалық, дәстүрлі оркестр, би ұжымы жасақталуда.

Бүгін, яғни, 6 қыркүйекке жоспарланған кастингтің екінші кезеңінде де үміткерлер қарасы қалың. Бұл жолы мамандарды  Қазақстанның үздік өнер иелерінен құралған кәсіби комиссия хореографиялық би ұжымы, этнофольклорлық ансамбль, биг-бэнд ансамблі, классикалық, эстрадалық, дәстүрлі,  заманауи бағыттағы әншілер топтарына іріктеуде. Кастнигке еліміздегі өнер мамандықтарын оқытатын жоғарғы оқу орындарымен байланыс орнатылып, мамандар шақыртылған болатын.

Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін өтінім берген 40-тан астам үміткер Қазақстанның түрлі қалаларынан және Түркістан облысының қала, аудандарынан келіп, бақ сынауда. Мұнымен қоса,  облыс әкімдігінің қолдауымен өңір мәдениетін дамыту үшін материалдық-техникалық базаны нығайту, жаңа өнер ұжымдарына сахналық киімдер мен музыкалық аспаптар алу жоспарланған.

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы