Келес ауданындағы Жеңіс саябағында Спорт күніне орай мерекелік шара ұйымдастырылды. Аталған шара аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің Келес Спорт клубы КММ-нің ұйымдастыруымен өтті.

Мерекелік шараға Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев қатысып салтанатты іс-шарада барша жиналған спортшыларды кәсіби мерекемен құттықтап, бүгінгі күні толағай табыстарға қол жеткізіп, тек ауданның ғана емес, тұтас еліміздің абыройын асқақтатып жүрген келестік спортшылардың жетістіктерін тілге тиек етті. Сондай-ақ, биылғы жылы спорт саласында жеткен жетістіктерімізді зор мақтанышпен атап өтті.

Іс-шара барысында ауданымыздың спорт саласына елеулі үлес қосқан спорт клуб қызметкерлері, жаттықтырушылары, клуб спортшылары аудан әкімінің мерекелік құттықтауымен және арнайы алғыс хатымен марапатталды. Мерекелік шара соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
