Келес ауданында 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Ата заңым – мемлекеттің айбыны!» атты шара өтті. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады

– Сіздерді тәуелсіз ел тарихындағы ең басты мерекенің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ата заң – мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халықтың өзі екенін айқындады. Конституцияны қабылдау кезінде жүргізілген референдум егеменді еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын сипаттаған бірден-бір тарихи, әлеуметтік маңызы зор құжатқа айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республикалық референдумда қабылданған Ата заңымызға өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды. Бұл шын мәнінде, Қазақстанның билік институттарын қалыптастырудың және ықпалдастықтың, жаңа саяси мәдениетті енгізудің мүлде жаңа моделіне көшкенін білдіреді. Ата заңымызға енгізілген өзгерістерге сәйкес Президенттің өкілеттігі қысқарды, Парламент пен мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейді. Бұл барша халыққа мәлім. Осынау мәні терең, мерейлі мерекемен құттықтай отырып Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ел болашағы мен халық игілігі жолындағы мақсатты істеріңізге сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімі өз құттықтауында.

Салтанатты шарада аудан әкімі білім, денсаулық, құқық қорғау саласында еңбек сіңірген, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттап, аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Сонымен қатар аудан әкімі Түркістан облысының 5 жылдығы аясында облыс әкімдігінің қолдауымен сәуір-тамыз айлары аралығында аудан, қалалық өнер шеберлерінің қатысуымен өткен облыстық «Өнерлі өлке» өнер фестивалінде екінші орынды иемденген келестік өнерпаздарды марапаттады.

Қазылар алқасының шешімімен жүлделі ІІ орын иеленген Келес ауданының өнерпаздары дыбыс жазу студиясына ие болды.

Салтанатты шарада аудандық мәдениет үйінің әншілері концерттік бағдарлама ұсынып, патриоттық әндерді шырқады.
