«ЖЕТІСАЙ» ФУТБОЛ КЛУБЫ КӨШ БАСТАДЫ

470 көрілім

Жетісай ауданы әкімінің қолдауымен биылғы жылдың басында құрылған «Жетісай» футбол клубының ойыншылары футболдан ІІ лига командалары арасындағы Қазақстан Республикасы біріншілігінің XVI турында өз алаңында Қызылорданың «Қайсар М» футбол клубын қабылдады.

Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты клубтың кезекті ойыны қос команданың да бір-бірінің қақпасына қауіпті шабуылдар ұйымдастыруымен басталды. Көп ұзамай ойынның бірінші таймның 10-шы минутында «Жетісай» футбол клубының 8 номерлі ойыншысы Нәрзілда Бақдәулеттің қарсыластың қақпасына жолдаған добы есеп ашқанымен артынша-ақ кездесудің 15-ші минутында 2 номерлі ойыншымыз Дәурен Мажитовтың автоголы таразы басын теңестірді. Қос команда да қарымта қайтаруға қанша әрекеттенсе де бірінші тайм өзгеріссіз 1:1 есебімен аяқталды.

Қызылордалық команда мен жетісайлық жігіттердің жасыл алаңдағы кездесуі екінші таймда қыза түсті.

Кездесуді тең дәрежеде емес, айқын басымдықпен жеңуді мақсат еткен ақ алтынды өлкенің арыстандары екінші таймда шабуылдарын үдете түсті. Айла-тәсілдерін ұтымды пайдаланып, қарсылас команданың ұрымтал тұсын тапқан Жетісайдың 55 номерлі сұрмергені Дәурен Қасымбек 66-шы минутта есепті еселесе, 80-ші минутта 11 номерлі шабуылшы Еламан Айтөре үшінші голды соқты. Кездесудің 83 минутында 23-ші номерлі ойыншы Қазбек Мұхитұлының голы «Жетісай» – «Қайсар М» командалары арасындағы кездесудің нүктесін қойды.

Осылайша кезекті кездесуін айқын басымдықпен аяқтаған «Жетісай» футбол клубы 16 кездесуінде 35 ұпайға қол жеткізіп, турнир кестесінде көш бастады.

«Жетісай» футбол клубының ойыншылары 13 қыркүйекте сырт алаңда «Академия Оңтүстік Ж» командасымен өткізсе, 20 қыркүйекте өз алаңында «Мақтаарал Ж» командасын қабылдап, ІІ лига командалары арасындағы Қазақстан Республикасы біріншілігінің аяқтайтын болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы