ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА 65 МЕКТЕПТЕ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

966 көрілім

Бүгін еліміздегі барлық мектептерде алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы басталды. Білім қуған 1-ші сынып оқушылары алғаш рет мектеп табалдырығын аттап алғашқы ұстазымен танысса, тағы бір оқушыларымыз бала өмірден ересектікке қанат қағып білім ордасынан ұшуға дайын тұр. Әрбір оқушыға оқу жылы басталды деп үндейтін алғашқы қоңырау үні қаламыздағы 65 мектепте соқты. Рухани шаһардағы №21 М.Пошанов атындағы жалпы орта мектебінде өткен алғашқы қоңырау рәсіміне қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысып, жаңа оқу жылымен құттықтады.

-Бүлдіршіндеріміз білім кемесіне мініп, үлкен өмірге қадам басуда. Ел ертеңі бүгінгі жастарымыз екенін ескерсек, Ұстаздар мен бүлдіршіндерімізге артылар жүк ауыр. «Білектің күші сыналарда ешкімге дес бермедік, білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік» деген Абылайхан бабамыз. Тәрбие мен білім егіз ұғым. Осы салада еңбек етіп жүрген ұстаздарымыздың жұмысына сәттілік тілеймін. Мерейлі де мерекелі күндеріміз көп болсын, – деді қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков.


Сонымен қатар, салтанатты шарада сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов №21 М.Пошанов атындағы жалпы орта мектебі ұжымына сын айтты. Өткен жылы оқу ордасын «алтын белгіге» бітірген оқушы болмағандығын алға тартты. Жиылған көпшілік алдында мектеп директорына ардагерлер атынан ренішін білдіріп, алдағы жылы оқу нәтижесін жақсарту бойынша жұмыс істеуге шақырды. Алғашқы қоңырауына әкім қатысқан білім ошағын келер жылы «алтын белгіге» бітірер түлектер көп болуын тілейміз.


Жиын барысы оқушылардың алғашқы қоңырау мерекесіне арнайы дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

Айта кетейік, қаламызда 50 мыңнан астам оқушы мектеп қабырғасында білім алуда. Биыл 4615 оқушы 1-сыныпқа аяқ басса, 11 сыныпты 2631 түлек тәмамдайды.


Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы