Иордания астанасы Амман қаласында өткен еркін күрестен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Келес ауданының тұрғыны, өңір мектебінің спортшысы Нұрислам Шалқаров қола жүлдені қанжығасына байлаған болатын. Бүгін ел мерейін үстем еткен спортшыны Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қабылдап, алғыс хаты мен естелік сыйлығын табыстады.
– Сізді, Еркін күрестен Азия біріншілігінде жүлделі үшінші орынды алғаныңыз үшін шын жүректен құттықтаймын. Сіздің жеңісіңіз үлкен жетістіктердің бастамасы болсын. Бұл тамаша жеңісті зор қуанышпен қабылдадым. Аудан тұрғындарының және өз атымнан алдағы уақытта да еліміздің дамуына, жастар арасында патриоттық, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыруда белсенділік танытасыз деп сенемін. Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілеймін, – деді аудан басшысы өз құттықтауында.
Нұрислам Серікұлы 8 жасынан бастап спорттың еркін күрес түрімен шұғылданып келеді. Келес аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі бүгінгі күнге дейін екі рет Түркістан облысының чемпионы атанды. Сонымен қатар биылғы жылы еркін күрестен Талдықорған қаласында өткен жасөспірімдер арасында ел біріншілігінде өз салмақ дәрежесінде топ жарып, Азия чемпионатына жолдама алды. Жас спортшы алдағы уақытта еліміздің көк туына олимп шыңында желбіретуді мақсат етіп отыр.
(с) Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі