АУДАН БАСШЫСЫ ЗАМАНАУИ СПОРТ КЕШЕНІНДЕ БОЛДЫ
«Туған жерге туыңды тік» деп ата-бабамыз бекерге айтпаған. Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріңе, өскен алтын бесік ауылыңа, өз өңіріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Дәл осындай ұранмен биыл Мақталы ауылдық округіндегі №34 А.П.Чехов жалпы орта мектебінің 2003 жылғы түлектері ауыл жұртшылығына спорт кешенін сыйға тартқан болатын.

Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов аталмыш спорт кешенінде барып, бұған дейін ауылда болмаған қазіргі заман талабына сай спорт кешінінің жұмысын көрді.
Округ жастары арасында бұқаралық спортты дамыту, насихаттау және өскелең ұрпақты спортқа тәрбиелеу, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында бой көтерген спорт кешенінде спорттың күрес, бокс, ауыр атлетика және қол күресі сынды түрлерімен жаттығуларына мүмкіндік жасалған. Ауыл көркіне сән берген спорттық кешенде бүгінде үлкен-кіші 50-ге тарта ауыл тұрғындары бекітілген кестеге сәйкес дене тәрбиесімен және спортпен тегін айналысып келеді.

Ауылдың тумасы, кәсіпкер Сержан Тастанбековтың игі бастамасымен бой көтерген ғимаратқа ауыл мектебінің өзге де түлектері демеушілік жасаған. Қазірде жаттықтырушылар құрамын толықтыру мақсатында кәсіби мамандармен келісім-шарттар жасау жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «КСРО бойынша оныншы бесжылдықтың екпіндісі» медальдарының иегері Оңалбек Тастанбекұлы атындағы спорт кешенінде келушілерге киім ауыстыру, жуыну, бапкерлер мен дәрігер бөлмелері де талапқа сай қарастырылған.
