ЕЛБАСЫНЫҢ ЕРЕН ЕҢБЕКТЕРІ ДӘРІПТЕЛДІ

1  385 көрілім

Түркістан индустриалды педагогикалық колледжінің ұйымдастыруымен 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай «Заманауи Қазақстан» Елбасының көшбасшылық сабақтары тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.

Жиынды Түркістан индустриалды педагогикалық колледжінің директоры Адашжан Ганиев ашып жүргізіп отырды.
Басқосуда Елбасы жайлы дайындалған арнайы деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан соң колледждің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Шахризат Әдиева «Елін сүйген – Елбасы» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндамашы Тұңғыш Президент күні – бұл тарихи таңдау, барлық қазақстандықтардың Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың төңірегіне топтасу күні екенін, тәуелсіздік жылдарындағы игі мұраттарын баяндап, Елбасының ел алдындағы саясаткерлік, қайраткерлік қырларына жан-жақты тоқталып өтті. Сонымен қатар, шарада Түркістан қалалық білім бөлімінің балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры, белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков Елбасының тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктері туралы ой-пікірін ортаға салды.

– 1991 жылы 1 желтоқсанда қазақстандықтар өздерінің Тұңғыш Президентін сайлап, сенім артты, ел тәуелсіздігін аманат етті, жауапкершілік жүгін арқалатты, халық өздері таңдаған Көшбасшысының не істеу керектігін білетіндігіне, елді адастырмайтынына, тура жолға бастайтынына сенді. Еліміз бен халқымыздың сол сенімін Елбасының толық ақтап отырғандығына да осы күндері көзіміз анық жетіп отыр. Биыл ел тәуелсіздігінің 28 жылдығына қадам басып отырмыз. Ел тәуелсіздігінің басында тұрған, өтпелі кезеңнің барлық қиыншылығын еңсеріп, мемлекетімізді саяси, әлеуметтік, экономикалық дағдарыстарға соқтырмай, бүгінгі көз көрген ынтымақ пен жетістікке қол жеткізген еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегін, дұрыс таңдаған саясатын әлем жұртшылығы да мойындап келеді, – деді Бекарыс Ақсақалұлы.


Иә, қазіргі таңда Қазақстан халқы еліміздің кешегі, бүгінгі және болашақтағы барлық табыстарын тікелей Тұңғыш Президентіміздің атымен байланыстырады. Бұл деген Елбасының біздің қоғам үшін, еліміз үшін ұлт көшбасшысы екенінің дәлелі деп білеміз.


Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы