Түркістанды қайтсек таза қалаға айналдырамыз?
Түркістан қаласын еліміздің ірі туристік орталығына айналдыру мақсаты межеленгені мәлім. Осы ретте қалада абаттандыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Бұрынғымен салыстырғанда қала көп өзгерді. Жаңа қала аумағында әсем де көз тартар сәулетті ғимараттар бой түзесе, ескі қала аумағында бұрын болмаған гүлзарлар мен аллеялар ашылып, қала тұрғындарына жайлы тұрмыс жасау үшін мейлінше игі қадамдар жасалуда. Иә, өзгеріс көп. Дегенмен, өзгермеген нәрселер де бар секілді. Ол – біздің санамыз. Осыдан он шақты жыл бұрын сол тұстағы қала әкімі, арда азамат, марқұм Әліпбек Өсербаев бір жиында:
«Түркістанға жөндеу жұмысы керек емес, түркістандықтардың санасына жөндеу жұмысы қажет. Мен біраз жыл Кентауда қызметте болдым. Кентаулықтар үйлерінен шығатын қоқысты қоқыс жинайтын қызметтің жүк көлігі келерден жарты сағат бұрын көшеге шығарады. Ол жақта менталитет, сана-сезім басқа ма деп қалдым. Ал бізде күн ілгері қоқыстарын көшеге шығарып тізіп қояды. Осыны қоюымыз керек, жерлестер!» деп ашына сөйлегені есімде қалыпты.

Осы сөз, осы пікір әлі де күшін жоймай тұр. Өз басым «Самал» мөлтек ауданында тұрамын, ол жақта қоқысқа контейнер қойылған, күнделікті тазаланады, шүкір. Кейде С.Ерубаев, Кенесары хан, Шәкәрім көшелерін бойлап Тәуке хан даңғылына жаяу шығатыным бар. Үнемі тұрғын үйлердің артында көшеге шығарып тізіп қойған қоқысты көремін. Бірде кешкісін үйге Астанадан келген қонақ қызды ертіп С.Ерубаевтың бойымен «Шұғыла» супермаркетіне келген едік. Көшенің екі жағында тізілген қоқыс толы пакеттерін көріп, қонақтан ұялғаным-ай. Ол қыз да таңғалып:
– Сіздерде қоқыс контейнері болмай ма, не? -деп сұрады. «Жоқ, оны қазір коммуналдық қызмет жинап алып кететін болуы керек деп жасырып-жауып жатырмын. Аузы-мұрны тола пакеттер, қапшықтар. Тұрмыстық қалдықтар ғана емес, азық қалдықтары: қауын-қарбыздың қабығы, шіріген көкөніс т.б. Оған мына жаздың ыстығында шыбын-шіркей ұялап, санитарлық тұрғыдан сол тұрғындардың өзі зардап шегеді. Бірақ, оны түсініп, қысылып жатқан тұрғындарды көрмедім. Ауладан шығарылса бітті, ұпайы түгел. Көпке топырақ шашу ниетім жоқ, расында көше «күл болмаса бүл болсын» деген түсінік орнаған секілді жерлестерімізде.

Біраз бұрын Түркістан қаласы Инфрақұрылым және коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы Ерсейіт Бұхарбаевпен сұхбаттасқан едік. Ол кісі де: «Қалада 75 көше бар. Қоқысы күнде алынатын 1 санатты Тәуке хан, Б.Саттарханов, Қазыбек би, С.Ерубаев, С.Қожанов секілді көшелер бар, 2 санатты аптасына 2-3 рет алынатын көшелер, 3 санаттағы аптасына 1 рет қоқысы алынатын ішкі көшелер бар. Тұрғындар оның графигін біледі. Бірақ, соған қарамастан қалаған күні қақпасының сыртына қоқысты үйіп қояды. Лотоктарға қойып кетеді. Пакеттердің аузы-мұрнынан шығарып қатты тұрмыстық қалдық қана емес, тамақ қалдықтарын да қоя салады. Оны түнімен ит-құс түрткілеп, шашып, ақтарып кетеді. Тіпті тұрпайы көрінеді енді!» -деген болатын. Бұрынғы басшының сөзінен аңғарғанымыздай С.Ерубаев қоқысы күнде алынатын 1 санаттағы көшеге жатады. Алайда, біз бұл көшенің кестесіне күмәніміз бар. Өткен жұма күні кешке тасталған қоқыстар дүйсенбі күні сәскеде бірақ алынғанын аңғардық. Осы сенбі-жексенбіде Арасаттағы «Grand almaz» мейрамханасында 2 күн той өтті де, қоқыс деген үйіліп көше бойына жиналып қалды, ол да дүйсенбі бірақ алынды. Бірақ, бұлар кішкене мәдениеттілеу екен, қалың қапшықтармен қаптап абырой болғанда шашылмаған. Осы ойларымызды әлеуметтік желіге жазып едік. Эльмира Үсенқызы деген желі қолданушысы: «Келетін күні шығарып қоямыз, кесте бойынша сейсенбі келуі керек еді, бүгін сәрсенбі әлі жоқ, сонда қайта кіргізіп қоюымыз керек пе?-деп уәж айтыпты. Бір жағынан оныкі де жөн секілді. Кесте бойынша таңертең жұмысқа кетіп бара жатып шығарып кетті, жүк көлігі келген жоқ. Сосын оны ұмытып та кетеді ол адам. Демек, коммуналдық шаруашылық бөлімі қызметінде ақау бар. Кесте тұрақты емес. Ақыры таң атпай ерте тазалап үлгермейді екен, онда көше бойына контейнерлер қою керек шығар. С.Ерубаев теміржол вокзалынан қонақтар келетін күре жол, үлкен көше. Мұны сырттан келген қонақтар, туристер көрсе қандай әсерде болады? Иә, қайтпек керек? Қайтсек Түркістанды таза қалаға айналдырамыз? Ауламыз таза тұрғаны ғана емес, көшеміз де таза болса жақсы емес пе? Мүмкін қоғамдық ұйымдар мен билік «ТАЗА КӨШЕ», «ҮЛГІЛІ АУЛА» секілді акцияларды жиі ұйымдастырып, бағалы сыйлықтармен ынталандырып, санаға өзгеріс жасауға тырысу керек шығар. Бұл барша түркістандықтарды ойландыратын мәселе.
Әтіргүл ТӘШІМ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.