Жуықта ғана Түркістандық ардагерлерден құралған Нақып Алти футбол құрамасы Астанада өткен кіші футболдан Қазақстан біріншілігінде «40+» санатындағы командалары арасында жүлделі 3-орынды иеленген болатын. Облыста футбол спортын дамытуға үлес қосып жүрген Түркістандық аяқдопшылар 24 команда қатысқан сайыста намысты қолдан бермеді. Осы тұста команда мүшелерін жеңіспен құттықтау мақсатында, Түркістан қаласы әкімдігі мен Түркістан қалалық мәслихаты спортшыларды марапаттау рәсімін өткізді. Киелі мекен Түркістанды көпке танытып келе жатқан құрама ойыншылары 40-50 жастағы азаматтардан жасақталған. Марапаттау рәсіміне Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Талғат Байжанұлы, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы, Түркістан қалалық мәслихат депутаты Бақдаулет Тұрманов, Түркістан қалалық мәслихат депутаты Құлбатыр Базарбайұлы, Түркістан қалалық мәслихат депутаты Данияр Аюпов қатысып, футболшыларды жеңіспен құттықтады. Сонымен бірге, топ жарған құрама ойыншыларына қалалық әкімдік тарапынан арнайы кубок табысталып, мадақтамалар берілді, сондай-ақ, 500 мың тг ақшалай сыйақы тағайындалды.

Нақып Алти футбол құрамасы құрылғаннан бастап, демеушілік білдірген Түркістандық жас депутат, Мұсабек Құлбатыр Базарбайұлы команда жайлы былай дейді:
- Ең әуелі, Нақып Алти командасын жеңіспен құттықтаймыз, республикалық жарыста қаламыздың атын көпке танытып келе жатқан құрамаға алдағы уақытта да қолдау көрсетуге дайынбыз. Сонымен қатар спортшыларымыздың биік белестерді бағындыруына тілектеспіз, – дейді Құлбатыр Базарбайұлы.

Марапаттау рәсімінде Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Сәрсенбаев Ғаппар Амантайұлы, ардагерлерден құралған команданы жеңіспен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
- Бір кездері мен де осы құрамадағы ойыншылармен түрлі жарыстарға қатысып, бір командада болған едім. Бүгінде міне, елордамызда өткен Қазақстан біріншілігінде 3- орынды абыроймен алып келді. Бұл құрамада жастары 40-тан жоғары азаматтар ойынайды, яғни жас командаларға үлгі болатындай құрама деп білемін. Осы жолы 3-ші орынмен оралса, келесі жолы Алла қолдап бірінші орынға ие болуына мұрындық болғымыз келеді. Өздеріңізге мәлім, биыл Түркістан облыс орталығы болғанына 5-жыл толды. Мерекелі жыл қарсаңында Түркістанда футболдан түрлі жарыстар ұйымдастырылып келеді. Спорт денсаулық кепілі демекші, биылғы жылы спорт саласына баса назар аударудамыз. Жөндеуді қажет ететін бірқатар спорт кешендеріне құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Бір кездері спорт шебері болғанмын, сондықтан да спорт саласы жаныма жақын. Бүгінде Түркістан қаласының өзінде 100-ден аса ашық спорт алаңдары бар. Баллалардың болашағы үшін салынып жатқан спорт кешендерін жастарымыз күтіп, баппен қараса екен. Алдағы уақытта спорттық шараларды көптеп ұйымдастыруға атсалысатын боламыз, – дейді Ғаппар Амантайұлы.
Осы тұста Түркістан футбол клубының директоры Мэлс Карамисов мырза, Түркістан қаласы әкімдігіне алғысын білдірді.

- Жақында елордамыз Астана қаласында әуесқойлар арасында футболдан жарыс өтті. 24 құраманың арасында өткен сайыстан біздің команда 3-орынды алқымдады. Республика бойынша өткен сайыста команда жігіттері өздерін дәлелдеді, әрине сайыстың аты сайыс, бақ па бап па деген ойлар болды. Дей тұрғанмен команданың сонан соң Түркістан шаһарымыздың намысын алға қойып, жеңіспен оралған жайымыз бар. Кіші футболдан өткен жарысқа қала әкімдігінің демеушілігімен барған болатынбыз. Түркістан қаласы әкімдігіне алғысымыз шексіз, алдағы сайыстарда біріншіліктен көрінуге тырысамыз, – деді команда басшысы Мэлс мырза.

Өңірде футбол спортын дамыту, бұқаралық спорттың белсенділігін арттыру мақсатында түрлі спорттық ойындар легі ұйымдастырылып келеді. Осы тұста намысты додада, өздерін дәлелдей білген футбол командасына толағай табыс тілейміз.
Нұрсұлу БӨКЕНБАЙ.