Нұр-Сұлтан қаласында партияның барлық облыс және аудан, қала филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, мәслиxат xатшылары, фракция жетекшілерінің қатысуымен басқосу өтті. Алғашқы күні Үкімет мүшелері, партия өкілдері “Nur Otan” партиясының алаңына келіп, сайлауалды бағдарламаның орындалуы барысы туралы есеп берді.
Жиында ҚР Премьер-министрінің орынбасарлары Әлиxан Смайылов, Бердібек Сапарбаев, Роман Скляр әлеуметтік және экономикалық саладағы жүргізілген бағдарламалардың орындалуы бағытындағы жұмыстарды баяндады. Президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дарxан Кәлетаев алда жүзеге асуы тиіс міндеттер туралы айтты.
Ал, партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Үкімет жүзеге асырып жатқан мемлекеттік бағдарламаларды “Nur Otan” тарапынан сапалы түрде атқаруды қадағалауға шақырды. Сондай-ақ, бұл жиында филиалдардың жұмысы жан-жақты сараланып, артық-кем тұстар да екшелді.

Екінші күнгі негізгі жиында Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев алдағы жоспарлар мен бағдарламалар туралы ой қозғады. Қоғамды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төңірегінде топтастырудың және Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін шаралар қабылдаудың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен бірге Елбасы Қазақстан тәуелсіздік жылдарында экономика мен өзге де салаларда табысқа жеткенін, ол жетістіктерде партияның да үлесі бар екенін мәлімдеді. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясының негізгі басымдықтарын алға жылжыту және түсіндіру бойынша жұмысты ұйымдастыру да маңызды іс екенін айта келе партияның басымдық беруге тиісті салаларына талдау жасады. Атап айтсақ, өңірлерді, оның ішінде ауыл-аймақтарды дамыту, инфрақұрылымды реттеу, тұрғын үй кезегін азайту, жемқорлықпен күресті күшейту, ауыз сумен қамту және «Еңбек» бағдарламасын жандандыру, кәсіпкерлікті өркендету бағытында жұмысты күшейту жөнінде тапсырма берді.

Сондай-ақ Елбасы саяси ұйымды, белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Әр облыста, қалада және ауданда сайлауалды партияның бағдарламаларын дайындауды қамтамасыз етуді жүктеді. Партияны қайта жаңғырту, партия тізімін жасақтау үшін партияішілік іріктеудің маңызды екенін жеткізді. Әр мәслихаттағы сайлауалды партиялық тізімдерге кемінде 30% әйелдер және 20% 35 жасқа дейінгі жастар енуі керек екенін жүктеді. Тізімге халықтың түрлі топтарының өкілдері, елге оралған отандастар, мүмкіндігі шектеулі жандар, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері енуге тиіс екенін мәлімдеді. Басқосу соңында Түркістан мен Арыстағы құрылысқа үлес қосқан аймақтарға өз ризашылығын жеткізді.
Маңызды жиынға “Nur Otan” партиясының Түркістан облысындағы партия өкілдері да қатысып қайтты. Атап айтсақ, партияның облыстық, аудандық және қалалық филиал төрағаларының бірінші орынбасарлары мен «Jas Otan» жастар қанатының жетекшілері партияны қайта жаңғырту бағытындағы жаңа бастамалармен танысты. Елбасы саяси ұйымды қайта жаңғыртуға қатысты тың бастамаларға қолдау білдіріп, бірқатарын тағы талқылау қажеттілігіне тоқталған.

«Әсіресе праймериз, яғни, жуырда ғана өткен партиялық кадрлық іріктеудің пилоттық жобасын жоғары бағалап, жаппай ел көлемінде іске асыруды қолдады. Түркістан облысынан Түлкібас ауданы таңдалып, 96 үміткердің қатысуымен партияның кадрлық резервіне іріктеу өтті. Үміткерлер саны мен сайлаушылардың белсенділігі жөнінен өңіріміз бірінші орыннан табылды. “Nur Otan” партиясы өзінің барлық бағытын жаңаша қарастырып, тиімді өзгерістерге кірісті. Сапалық құрамға айрықша мән беріп, қоғамдық көшбасшылыққа лайықты тұлғаларды қатарымызға жүйелі түрде тартатын боламыз. Биылдың өзінде өңірімізде байланысын үзген 3 мыңға жуық адам партия қатарынан шығарылып, тиісінше қоғамға жанашыр жандармен ортамызды толтырудамыз. Елорда төріндегі жиын аймақтардағы партия филиалдарына айтарлықтай серпін бергені анық. Біз қоғамды гүлдендіру, ел сенімін ақтау жолында белсенді жұмысты жалғастырамыз», – дейді», – дейді «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық
филиалының баспасөз қызметі

