- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Қаламыздағы Түркістан облыстық Фараб әмбебап-ғылыми кітапханасында «Армандар орындалады» жобасына бір жыл толуына орай, мерекелік іс-шара өтті. Бұл игі шара, Түркістандық ерікті, армандар орындалады жобасының негізін қалаған, Әсел Бимырзаеваның бастамасымен қалалық мәдениет үйінің қолдауымен қолға алынды.

Жиында ерекше қажеттілігі бар балалардың жасаған түрлі бұйымдарынан көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды. Шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Керімбек Мырзабеков, Түркістан облысы мәслихат депутаты Инара Әбдіғаппарқызы, «Аманат» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Болат Тұрсынбаев, Айтыскер ақын, Түркістан облысы мәслихаты депутаты Бекарыс Шойбеков, Түркістан облысы аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Төребекқызы, «Шапағат» орталығының директоры Еркінбай Шалтан сынды зиялы қауым өкілдері қатысып, игі шарамен баршаны құттықтай келе қоғам белсенділерін мадақтап, жылы лебіздерін білдірді.

Мерекелік жиын барысында ерекше балақай, Розахмет Валиев «Ант» әнін орындап, көрермен қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, «Сымбат» би ансамбльі сахнаны бимен көмкерді. Сонымен бірге, «Сәт» триосының мүшесі Азат Абильдаев орындауында «Көнеміз ғой», «Қара шаштарың» әні көптің назарына ұсынылды. Сонымен қатар, «Угай» тобы, «Этностайл» тобы, «Семсер» тобы, сынды талантты өрендер келген қонақтар мен балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Осыдан бір жыл бұрын құрылған «Армандар орындалады» атты жобада жалпы саны 70 баланың арманы орындалса, биыл аталмыш жоба тағы 33 бүлдіршінге қуаныш сыйлап үлгерді. Бастапқыда Түркістандық бүлдіршіндерді қамтыған жоба, бүгінде облыс көлемінде атап айтсақ Кентау қаласы, Отырар, Бәйдібек аудандарынан жиналған балалармен толыққан.

Бұл жоба үйде білім алатын, арманы асқақ бүлдіршіндердің қоғамнан тыс қалмауы үшін қалауларын орындау арқылы өмірлеріне өзгеріс әкелуге жұмыс жасайды. Халық игілігіне жұмыс жасайтын осы сынды қоғамдық жобалардың көп болуы мен қатар жүзеге асуы негізігі міндет саналады.
Нұрсұлу БӨКЕНБАЙ.