Облыс әкімі Ө.ШӨКЕЕВ: “ПАРТИЯ МҮШЕЛЕРІ ЖАН-ЖАҚТЫ САЛАДАН БОЛУЫ ТИІС”

1  386 көрілім

“Open Space” үлгісіндегі қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы партияға деген халық сенімі ұлғаяды. Оның бір дәлелі қабылдаудың әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы оқырмандарға көрсетілуі. Бүгін шаһарда өткен «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалының активінде 2019 жылдың 25 қарашасында Елбасы, партия төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен өңірлік партия филиалдарының өкілдерімен кездесу барысында жүктелген міндеттерді орындау және жаңа бастамаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.


Жиынға облыс әкімі, партия филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев төрағалық жасап, жүргізіп отырды. Актив отырысында
Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев Елбасы қоғамдағы өзекті мәселелерді дөп басып, партияға маңызды тапсырмалар жүктегенін айтып, өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, жыл басынан бері барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары – фракция мүшелері түрлі мәселелер бойынша биыл 10 айда 637 жеке қабылдау жүргізіп, 1241 азаматтың мәселелері қаралған. 10 айда партия филиалдарының 17 қоғамдық қабылдау бөлмесіне 7047 арыз түсіп, оның 3297-і (46,7%) оңтайлы шешілген.


«Партияның кадрлық резервіне үміткерлерді іріктеу пилоттық жобасы бойынша Түлкібас ауданы республикада алдыңғы қатардан көрінді. Бұл жобаны барлық аудан, қалаларда өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы арқылы біз қарапайым елдің арасынан мемлекетке шынайы жанашыр, отаншыл, белсенді азаматтарды қатарымызға қосып, мәслихаттарға ұсынамыз. Партия төрағасы осындай міндет жүктеп отыр», – деген Б.Тәжібаев депутаттар мен басшылардың жауапкершілігін көтеру жөнінде де ұсыныстарын айтты.


Жиында Түркістан облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиевтің баяндамасы тыңдалды. Сонымен бірге жарыссөзге шыққан «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық мәслихатындағы депутаттық фракция жетекшісі Мұрат Төлтебаев, Түлкібас аудандық үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Фарида Пралиева және «Кентау трансформатор зауыты» бастауыш партия ұйымының төрағасы Хайрулла Қожабаев та пікірлерін айтып, партияны жаңғырту бағытындағы жұмыстарды қолдайтындарын жеткізді.


Өңір басшысы, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтық филиал өкілдерімен кездесуінде берілген тапсырмалары бойынша жұмыс күшейетінін мәлімдеп, партияны қайта жаңғырту бағытында елге жанашыр, нағыз көшбасшы азаматтарға мүмкіндік берілетінін айтты.


«Партия филиалы партиялық кадрлық резерв құрамын жаңа талаптарға сай жасақтап, 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін ұсынсын. Ол тізімде әйелдердің үлесі 30 пайыздан, 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 20 пайыздан кем болмауы тиіс. Сонымен қатар, қоғамның белсенді өкілдері де резервке алынып, партияның жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестері, бақылау комиссиялары жұмысты ширатсын. Партияны қайта жаңғырту бойынша жұмыстар жалғасады», – деген облыс әкімі жиын соңында бір топ азаматқа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын, ал жаңадан қабылданған 4 азаматқа партия билетін тапсырды.


Сонымен қатар, Өмірзақ Естайұлы Түркістан, Арыс қаласының бүгінгі құрылыс, көгалдандыру жұмыстарына көмек қолын созған аудан әкімдеріне алғыс айтып, алда да жұмыла үлес қосатындықтарына сенім білдірді. Жалпы, Түркістан шаһары 1 жыл ішінде таңғажайып келбетке ие болмақ. Ол үшін барша азаматтарды жұмыла атсалысуға шақырды.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
“Түркістан”.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы