Мағжан Мыңбаев Бәйдібек ауданы, Алғабас ауылында дүниеге келген. 12 жасынан бастап ауылда ат үстінде түрлі спорттық трюктарды орындап жүріп, цирк үйірмесіне қабылданады. Бүгінде ол акробатикалық трюктерді жасайды. Моңғолияға барған гастрольдік сапарында Мағжанның бұл өнеріне моңғол көрермендері де тәнті болған екен.
– Менің әкем театрда, ағам циркте жұмыс істейді. Мені бұл өнерге сол екі қамқоршым тәрбиеледі. Циркте қызмет етудің де өзіндік құпиясы мен қызығы бар. Жануарлардың психологиясын сезінбеген адам циркке келе алмайды. Әсіресе, жылқы малы өте ақылды болады. Оған қаталдық танытуға болмайды. Ол да адам таңдайды. Сондықтан оны еркелетіп, жылы сөздер айтып, қант беріп жуасытамыз. Жылқы – текті жануар, ол егесінің ыңғайына қарайды. Ат пен шабандоздың арасында өзара үйлесімділік болмаса, көрерменді қызықтыратын трюктер жасалмайды, – дейді Мағжан.
Айта кетейік, Шымкент циркі 1962 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері А.В. Быковтың ұйымдастыруымен құрылған. Алпыс жылдан аса уақыт ішінде аталмыш өнер ордасы бірқатар қазақ жастарын өнерге баулыды. Шымкент циркі бұл күнде алыс-жақын шетелдерге танымал.
Бүгінде бұл мекемеде 280-нан астам әртіс пен 400-ге жуық түрлі саланың қызметкерлері жұмыс істейді.
Шымкентке келген әрбір қонақ міндетті түрде аталмыш циркке табан тіреп, қонақжай халықтың әдемі өнерімен сусындап қайтады. Бұл – ғажап, көптің қолынан келе бермейтін өнер.
Шұғыла БОЛАТОВА.