Жыл басынан бері Түркістанға 470 мыңнан астам турист және 1 миллионға жуық визитер келген. Аймақ басшысы Дархан Сатыбалды орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай статистика келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өңірде туризмді дамыту бойынша облыста 3 негізгі бағыт айқындалған. Тарихи-танымдық бағытта туристерге 1 770 тарихи-мәдени ескерткіш қызмет көрсетеді. Экологиялық туриз бойынша облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи нысан орналасқан. Олар: «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі, «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі. Экологиялық туризмді дамыту үшін 30 туристік маршрут құрылған. Емдік-сауықтыру туризмі бағытында 72 емдік сауықтыру орны жұмыс істейді. Олардың сыйымдылығы 7 940 төсек-орынға жетіп отыр», – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, әкім жыл аяғына дейін 2 емдік-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарда бар екенін айтты.
«Жалпы, аталған бағыттар бойынша былтыр облысқа 470 мыңнан астам турист және 1 миллионнан визитер келді. Туризм саласына 69 млрд теңге инвестиция тартылды. Осы арқылы 19 туристік инвестициялық жоба аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл 35 млрд теңгенің 10 жобасы іске қосылады», – деді Дархан Сатыбалды.
Түркі жұртының рухани астанасы Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен кейінгі туристердің қызықтап, арнайы ат басын бұратын орынның бірі «Керуен сарайы». Нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерді. 188 гектар аумақты алып жатқан кешен шаһарға ерекше көрік беретін ауқымды жоба. Мұнда қонақүйлер, кинотеатрлар, мейрамханалар мен тарихи-сауда көшесі бар. Сондай-ақ, жасанды көл кешеннің көркін келтіріп тұр. Бұл алып кешен Түркістанның рухани-мәдени орталығының бір бөлігі ғана дерсіз. Себебі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің аумағы толықтай түрленіп, сәулеттік сән салтанаты жарасқан орынға айналды. Осыдан үш жыл бұрын құрылысы қызған сектор аумағында қазір бірнеше мұражай, технологиялық кітапхана, театр мен неке сарайы бой көтерді. Түркістанда туризмді дамытуға басымдық берілген. Жан-жақты жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторларға қолдау көрсетіліп, екі жақты келісім жолға қойылды. Нәтижесінде 2018 жылдан бері 1,5 миллиардқа жуық АҚШ долларының инвестициясы тартылды.
Сонымен бірге Түркістанда туризмді дамытуға басымдық берілген. Жан-жақты жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторларға қолдау көрсетіліп, екі жақты келісім жолға қойылды. Нәтижесінде 2018 жылдан бері 1,5 миллиардқа жуық АҚШ долларының инвестициясы тартылды.