ӨҢІРДІҢ 2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ ДАМУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ӘЗІРЛЕНУДЕ

1  165 көрілім

  Рухани шаһарымыз облыс орталығы статусына ие болғалы, көптеген ерекше дүниелер, жобалар қолға алынып, қала жан-жақты дамуда. Елбасы, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше ықыласына ие болған Түркістанда атқарылған және алда атқарылар жұмыстар легі толастамаса, төмендемек емес. Осы мақсатта, облысымыздың қазіргі экономикалық әлеуеті қандай, болашағынан не күтеміз, экономикалық тұрғыда түйіні шешілмеген мәселелер көп пе? Осы сауалдарға жауап алу үшін Түркістан облысының аумағын дамыту бағдарламасын басқару Жобалық Кеңсесіне барып, жетекшісі Асхат Махинге көкейде жүрген сұрақтарды қойған едік.

  •   Асхат Мухаммедғалиұлы, жалпы мекеменің мақсаты мен алға қойған ұстанымы қандай? Бұл жаңа жоба Түркістанға несімен керек деп ұйғарылды?
  •   Біз Түркістан облысының аумағын дамыту бағдарламасын басқару Жобалық кеңсесі деп аталамыз. Алға қойған мақсатымыз – Түркістан облысының аумағын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасын және Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын уақытылы, тиімді және оңтайлы жолдармен іске асыру. Яғни, «Оpen space» форматында барлығын бір тілде, бір бағытта дамыту. Қазіргі таңда 1500-ге жуық жобаны іске асыруда. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен Жобалық Кеңсенің нормативтік базасы да құрылған. Сонымен бірге, біздің негізгі бағыттың бірі аудандардың жобаларын басқару барысында «action-learning» әдісімен жобалық тәсілге үйрету болып табылады. Заманауи жобалық тәсілдерді практикада қолдана отырып, мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу де Жобалық Кеңсенің басты міндеті.
  •  Жобалық кеңсесі қашан және қалай құрылды? Басқа өңірлерде де кеңсе бар ма және олармен қарым-қатынастарыңыз қандай?
  •   Түркістан облыстық Жобалық Кеңсесі облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының өкімімен осы жылдың мамыр айында құрылды. Қазақстан бойынша облыс шеңберінде бұл алғашқы тәжірибе. Дегенмен де, бізге дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде осы бағыттағы Жобалық кеңсе жұмыс істеген болатын. Біздің базаға сәйкестендіріп қазіргі таңда Шымкент қаласында және Жамбыл облысында Жобалық кеңсе құру қолға алынуда. Солтүстік Қазақстан өңіріндегі кейбір орталықтарында да жергілікті басқару өкілдерімен келіссөздер жүргізілуде. Түркістан өңірінен бастау алған себебі – Түркістан жаңадан құрылған облыс, жаңадан қолға алынып жатқан аймақ. Бұл үлкен жоба болған соң, «оны қалай басқару қажет?» деген үлкен сұрақ туындады. Бүгінде әлемдік үрдіс бойынша бәсекелестік тек тауарлар мен қызметтер арасында ғана шектелмейді, басқару тәсілдері де бәсекелестікке түсуде. Сол себепті, басқарудың ең тиімді түрі болып Жобалық басқару менеджменті мен принциптері басымдылыққа алынды.
  •   Ұжымды кім басқарады? Негізгі қызметтеріңізге тоқталсаңыз.
  •   Дәл қазіргі таңда мен Түркістан облыстық Жобалық кеңсе жетекшісі рөлін атқарудамын. Дегенмен де, Арман Қайратұлы Евниевтің бағыттауымен, нұсқауымен жүргізіліп отырғанын осы тұста ерекше атап өткен жөн. Жобалық менеджмент процесі тікелей осы кісінің қадағалауында. Сонымен қатар, осы Жобалық кеңсе шеңберінде жобалық принциптерге сәйкес Басқарушы кеңес құрылып, оны облыс әкімінің орынбасарлары төрағалық етуде. Біздің мамандар өздерінің ағымдағы жұмыстарынан толығымен босатылып, кеңсеге іс-сапар негізінде өздерінің бағыттары бойынша жобаларды саралап, талдап отырады. Барлығы 20 шақты маман.

Атап өтсек, «Инфраструктураның дамуы», «Адами капитал», «Кәсіпкерлік және индустрия», «Агроөнеркәсіп кешені», «Мемлекеттік сектор, мемлекеттік қызмет көрсету және қауіпсіздік» атты базалық бағыттардан құралған. Әр бағытқа тиесілі облыс әкімінің орынбасарлары бекітіліп, топ жетекшісі де қарастырылған. Мәселен, «Кәсіпкерлік және индустрия» базалық бағытын алайық. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 2024 жылға қарай 40 пайызға дейін жеткізу көзделген. Өнеркәсіптік өндіріс өнімдерін сату көлемінің жылына 10 пайыздан кем емес өсуін қамтамасыз ету, негізгі капиталға инвестиция көлемін жылына 10 пайыздан кем емес ұлғайту, экспорт көлемінің өсуін қамтамасыз ету, туристік қызмет көлемін жылына кемінде 10 пайызға ұлғайту негізгі мақсаты болып табылады.

  •   Осы уақыт ішінде кеңсе қандай да бір дәрежеге жетті ме?
  •   Жоғарыда айтқанымдай, Жобалық кеңсе шеңберінде 1500-ге жуық жоба біздің тікелей бақылауымызда. Қазіргі таңда өзіміздің нормативтік базамыз (Облыс әкімінің Жобалық кеңсе жайлы өкімімен) құрылған. Аталмыш өкім шеңберінде, ережеге сәйкес жұмыстар атқарылуда. Халықпен тығыз қарым-қатынас орнату аясында әлеуметтік желідегі парақшалар ашылып, жиі ақпарат жарияланады. Алдағы уақытта Жобалық кеңсе сайтын құру жоспарда бар. Айта кету керек, Түркістан және Кентау қалаларында пилоттық режимде біздің кеңсеге сәйкес кішігірім кеңселер ашып, Жобалық менеджмент қағидалары, ұстанымдары жайлы түсіндіру үшін 188 азаматқа тренинг, дәріс өткіздік. Әртүрлі деңгейдегі облыс, аудан мамандары әкімнен бастап қарапайым сарапшыға дейін осы оқу-дәрісінен өтуде. Жыл соңына дейін оқу-дәрісінен өткен мамандар санын көбейтеміз. Біз толығымен Жобаларды басқару ақпараттық жүйесінде жұмыс істейміз, ол – «Easy Project»деп аталады. Аталмыш бағдарламада онлайн режимде жобаларды бақылап, мониторинг жасауға болады. Бұл бағдарламамен кез келген маман ұялы телефон, планшет, ноутбук және тағы да басқа құрылғылар арқылы кіріп, өз жобасын бақылап, тиісті өзгерістер енгізіп, жұмыс барысын реттей алады. Аталмыш бағдарламамен жұмыс істеу өте оңтайлы.

  Басқарма мүшелерінің қатысуымен жиналыстар және облыс әкімі, облыс әкімінің орынбасарлары шеңберінде кездесулерді өткізіп отырамыз. Өңір басшысының бастамасымен облыстағы күрделі мәселелердің шешілуіне өз тарапымыздан үлесімізді қостық. Мысалға айтар болсақ, Отырар ауданының әкімі өз төңірегінің бірнеше аймағының дамуына қаржы бөлгізе алмай келген. Біздің мамандар аталмыш мәселені Арман Қайратұлының нұсқаулығымен Басқарушы кеңес алаңында облыс әкімінің қарауына шығарып, бұл мәселенің оң шешіміне қол жеткізді. Біздің мақсат – қазақстандықтардың өмірін жақсарту. Біздің міндетіміз – облысты дамытудағы идеялар мен бастамаларды қолдау. Нақты істерді сөзбен емес, іспен көрсете алатын барлық қатысушы жобаларды жүзеге асыру.

  Сонымен бірге, қазіргі таңда Түркістан облысының дамуының 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын дайындап жатырмыз. Осы уақытқа дейін біздің Жобалық Кеңсеге ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов және елімізге белгілі бірнеше бизнес өкілдері, инвесторлар арнайы кеңсе жұмысымен танысып, оң бағасын берді деп мақтанышпен айта аламыз.

  •   Сіздерге кімдер келіп қызметтеріңізге жүгіне алады? Жалпы, Жобалық кеңсе қызметкерлерінің бір күні қалай өтеді?
  •   Кеңсе Түркістан қаласында орналасқан. Кеңсенің бір күні – өткен күнгі жұмыстарға шолу жасалынып, әр базалық бағыттың өзіндік графигіне сәйкес мамандармен бірлесе жобаларды пысықтап, мәселелерін шешумен өтеді. Әр базалық бағыттың міндеті мен ұстанымы бар, сол мақсаттарға жету үшін еңбектенудеміз.

Облыста газдандыру жұмыстары жанданып, инфрақұрылым дұрысталып, өндіріс артуда. Автомобиль жолдары мен елді-мекен көшелерінің жайлылығын жақсарту жұмыстары  қарқынды дамып жатқаны осы Жобалық Кеңсенің тікелей еңбегі деп білемін. Облыс шеңберінде біз барлық жоба жетекшілерімен тығыз байланыстамыз. Егер біліміңіз бен тәжірибеңізді қолданып, жүзеге асыратын идеяңыз болса бізге келіңіз,  барлығын көрсетіп түсіндіреміз. Түркістан облысын дамытуға үлес қосамын деген кез келген азаматтың жобасын дамытуға әрдайым дайынбыз.

  • Толыққанды жауабыңызға рақмет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан: Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы