Елорданың төрінде «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумы өтті. Форумға Түркістан облысы мәслихатының депутаты ретінде қатыстым. Басқосу аясында «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда ұсынған «Әділетті Қазақстан мен Адал азамат» концепциясына басымдық беріп, «AMANAT» партиясы үш науқанның – президенттік және парламенттік сайлаудың, сондай-ақ жалпыұлттық референдумның қозғаушы күші болғандығын атап өтті.

Сондай-ақ, Партия Төрағасы аманаттық депутаттар әкімдіктермен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуы тиіс, себебі сайлау алды уәделерді орындап, жүзеге асыру осы негізде өрбитіндігін жеткізді. Ерлан Қошанов депутаттар назарына ұсынған келесі міндетті де атап көрсетті. Ол – мәслихаттарға есеп беру, бағдарламалар мен бюджетті бекіту тек қағаз жүзінде болмай, жергілікті деңгейде пікірталастар болуы қажеттігін де алға тартты. Яғни мұнда депутаттар өз сайлаушыларының мүддесін қорғауы керектігін де тілге тиек етті.
Өңірлерден бізге сенім білдіріп отырған сайлаушылардың мүддесі үшін қызмет ету мәселесі форум жұмысында айтылды. Ол үшін қазірден бастап мәслихаттардың жұмысын ұйымдастыруда түсінікті, ашық түрде жүргізу қажеттілікке ие болуы шарт. Форум барысында қатысқан барлық депутаттар министрлермен кездесіп, бірқатар түйткілді мәселелер бойынша үкімет мүшелеріне өз сұрақтарын қойып, елдің мұң-мұқтажын ашық жеткізуге мүмкіндік алды. Бізде өз кезегімізде форум аясында үкімет мүшелерімен кездесіп, ауыл және аудандардың әл-ауқатын арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру, халқымыздың жайлы өмір сүруі үшін қажетті инфрақұрлымдарды жасау бойынша өзара пікір алмастық.
Жалпы елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған форум жай ғана депутаттардың басқосуы емес, үкімет мүшелерімен тікелей диалог құруға мүмкіндік беретін ашық алаң болды. Бұл кездесудің халық мәселелерін шешуге оң ықпалын ескеріп, алдағы уақытта игі істердің атқарылатынына, оған бізде үлес қосатынымызға сеніміміз мол. “AMANAT” партиясы ел үмітін арқалаған партия екендігін дәлелдеп, халық қалауларымен үкімет ортасында алынбас қамал орнатып отыр.
Намазбаева Инара Әбдіғаппарқызы,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.