Қаламыздағы Түркістан облыстық Фараб әмбебап – ғылыми кітапханасында белгілі қаламгер, журналист Төрекелді Байтасовтың «Тұлғасы таудай Төрекелді» атты еске алу кеші өтті.

Өз заманының алғыры, көпке танылған талантты баспагердің әсерлі кешіне бір топ зиялы қауым өкілдері жиналды. Ел ағаларының қатарында Қазақстан Журналистер Одағының, Түркістан облыстың филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихат депутаты – Ғалымжан Елшібай, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ Түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сейдулла Садықов, ҚР мәдениет қайраткері, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Бекжігіт Сердәлі қатысты. Сонымен бірге, «Түркістан» газетінің редакция меңгерушісі, ҚР Журналистер одағының мүшесі Ләззат Сарыбаева еске алу кешінің қадірлі қонағы болып, жыр тұлғаның артындағы мұрасынан сыр шертті. Айтулы шарада кітапханашылар «Анамның көрген түсі» шығармасынан сахналық қойылым қойып, көрермен көзайымына айналды. Мазмұнды жиын барысында, арнайы жасақталған көрме инсталляция таныстырылып, баяндама оқылды.

Кеш барысында жастардың жанашыры бола білген, Төрекелді ағаның «Ұйқы ашқан ойларынан» үзінді атты шығармасы тыңдарман тарапына ұсынылды. Сонымен қатар, «Алаш арыстары» атты туындысы орындалды. Әсерлі кешке жиналған қауым, жазушының есімі мен еңбегін ерекше құрметпен еске алды. Өз кезеңінде «Жібек жолы» журналының негізін қалаған ол, күллі алаш жұртының бүгіні мен болшағы үшін 500-ден аса түркітілдес кітаптарды шығарып көптің ықыласына бөлене білді. Дара тұлғаның таңдаулы туындыларының қатарында «Ұйқы ашқан ойлар», «Көктөбе сағымдары», «Оттай ыстық өмір» шығармалары әлі күнге дейін көптің көкейін кернеген ыстық туындылар ретінде сақталып келеді.

Жиын соңында текті тұлғаның көзін көрген көнекөз ел ағалары жазушыны әсерлене еске алып, өздерінің ұсыныстары мен талап-тілектерін ортаға салды. Ақынның артынан ерген мұрасынан сыр шерте келе, біртуар тұлғаның атына берілген көшенің болуын алға тартқан Ғалымжан Елшібай ағамыз, айтылған ұсыныс аясында әрекет етіп жатқандығын жеткізді.
Нұрсұлу БӨКЕНБАЙ.