ҚАСИЕТТІ ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІ 28 МАУСЫМДА БАСТАЛАДЫ

486 көрілім

Бүгін Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде Құрбан айт мерекесіне байланысты баспасөз брифингі өтті. Брифингке Түркістан облысының бас имамы Ержан Сматұлы мен Түркістан қаласының бас имамы Мұхамеджан Ергешбайұлы қатысып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Барша мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Құрбан айт мерекесі 28-30 маусым аралығында өткізіледі. Осы ретте, жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыруымен облыстағы аз қамтылған және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың тізімі әзірленіп, мұқтаж жандарға қайырымдылық шаралары көрсетілетін болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Түркістан облысының бас имамы Ержан Сматұлы хабарлады.

Құрбан айт биыл 28-30 маусым аралығында атап өтіледі. Құрбан айт намазының уақыты Түркістан облысы бойынша сағат 6:30-да оқылады. Айт күндері түркістандық шаруаларға мал бағасын шарықтатпай, пайдаға емес, сауапқа бөленуге үндеймін. Қала тұрғындарын құрбан шалу барысында санитарлық нормаларды сақтауға, құрбандыққа шалатын орындарда шалуға шақырамын. Құрбандық шалу – мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Одан өзге пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Қаржылай мүмкіндігі бар, əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс. Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мереке. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» делінген «Хаж» сүресінің 37-аятында, – деді Ержан Төлепов.

Брифинг барысында Түркістан қаласының бас имамы Мұхамеджан Жұмадуллаев Құрбан айтта шалынатын мал түрлері мен негізгі жасалатын амалдарды баяндап берді.

Ертең, яғни 27 маусым – Арапа күні болса, 28 маусым – Құрбан айт мейрамының алғашқы күні. Құрбан шалудың уақыты 28 маусым күні айт намазы оқылып болғаннан кейін басталса, аяқталуы 30 маусым кешкі ақшам намазына дейін жалғасады. Яғни, аталмыш уақыттан тыс құрбан шалуға, уақытынан ерте және кешігіп те қалуға болмайды. Құрбан еттері арнайы даярланған тізім бойынша мешіт еріктілерінің көмегімен мұқтаж отбасыларына үлестіріліп беріледі. Хадистерде келгендей, айт күндері жасалатын игі істердің ең абзалы – құрбан шалу. Күнделікті күнкөрісінен бөлек артық дүниесі бар мұсылманның құрбан шалуы міндетті. Егер бір отбасының асыраушысы ер адам ғана болса, оның шалған құрбандығы тұтас отбасының атынан есептеледі. Ал ерінен бөлек әйелінің де табысы, күнкөрісінен тыс артық мөлшерде дүниесі болса, ол да өз атынан құрбан шалуы тиіс. Жалпы құрбандыққа шалынатын мал түрлері жайында айтатын болсам, түйе – 5 жастан, сиыр – 2 жастан, қой және ешкі – 1 жастан шалыну керек. Баршаңызды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын! – деді Мұхамеджан Жұмадуллаев.

Сондай-ақ, брифинг соңында Түркістан облысының бас имамы Ержан Сматұлы «Qurban 2023» жобасы, qurban2023.kz сайты арқылы құрбан шалуға тапсырыс беру жайында толығырақ мәлімет берді.

Азамат ӘЛІБЕК.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы