ЖАҢАРТЫЛҒАН ЖЕРАСТЫ ӨТПЕ ЖОЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

1  392 көрілім

Қала орталығындағы жалғыз жерасты өтпе жолы ескіргені соншалық, жаңбырлы күндері адамдар ары-бері өте алмай, ішіне жиналған суды кешуге мәжбүр болатын. Одан бөлек, жарық та, тазалық та қарастырылмаған еді. Алайда, бұл көріністер енді артта қалды.

Жеке кәсіпкер Сүлеймен Арыстанов жаңарту жұмыстарын жандандырып, нәтижесінде бүгін қала әкімі Рашид Аюпов бастаған әкімдік қызметкерлері арнайы барып, қазіргі кейіпіне оң бағасын берді. 3 ай бойы жұмысшылардың күн-түн демей атқарған қызметтерінің арқасында жаңаша кейіпке енген өткелге қарасты дүкендерде 40 шақты адам жұмыспен қамтылады. Бұған дейін де куә болып келгендеріңіздей, онда ұялы телефондар бойынша қызмет түрлері көрсетілетін болады. Жауапты мамандардың айтуынша, күзет, бейнекамера қойылып, тазалық жиі жүргізіледі. Яғни, енді заманауи талапқа сай жұмыс жасайды.


Шаһар басшысының кезекті қадамы қалалық полиция басқармасының жанынан ашылғалы жатқан фронт-офистың қызу тірлігіне куә болумен жалғасты. Халықтық кеңсе – полицияның ашықтығы мен қолжетімділігін іс жүзінде қамтамасыз етуді көздейді. Онда тұрғындар полицияға қатысты көкейдегі сауалдарын қойып, нақты жауап пен шешімдерді алады. Яғни, әр арыз-шағым да осы жерде қаралып, тиісті мамандарға жолданатын болады. Офистің есігі азаматтардың игілігі үшін жуық арада айқара ашылмақ. Рашид Абатұлы өз кезегінде басқарма жанындағы қоршауларды алып, келушілерге ыңғайлылық танытуға жағдай жасауды тапсырды.


Сонымен қатар, қала әкімі жастардың өнерін шыңдап,талантын ашуда өзіндік септігін тигізіп, рухани мекеннің мәдени мәртебесін асқақтатып жүрген балалар мен жасөспірімдер орталығының жұмысымен танысты. Әкім өз сөзінде жастарға және олардың идеяларын қолдауға барынша жағдай жасау керектігін баса айтты.

Осы мақсатта, жақында жаңа жоба іске асады. Нәтижесінде, аталған ғимаратта жас өнертапқыштар мен ғалымдардың тың дүниелері жарыққа шығып, елімізге танылуына бірден бір мүмкіндік сыйламақ. Егер ойыңызда жүрген және қаланың даму тұрғысына аса қажетті жоба болса, әкімдік тарапынан қолдау тауып, тиісті көмек көрсетілетін болады.

Тұрғындарға жайлы әрі қолайлы ортаны қалыптастыруды мақсат еткен қала әкімі, алда мұндай ерекше жобаларды рухани мекенде ширатуды көздеп отыр.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
“Түркістан”.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы