Түркі әлемінің рухани және мәдени астанасы Түркістан қаласында халқымыз үшін тағдыршешті мәселелер талқыға түскен Ұлттық құрылтайдың екінші күні басталды. Аталған жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары мен өңірлерден келген қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Ел президенті өткен жиындарда:

Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген», – деген болатын. Бүгінгі жиынның да маңызы мен мәні ел тағдыры мен болашағын арқау етті.
Аталған отырысқа Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин модераторлық етті. Жиын барысында Ұлттық құрылтайдың алғашқы күні өткен 3 секция бойынша айтылған ұсыныстар талқыланды.

“Қоғамдық консолидация”, “Мәдениет. Өнер. Руханият” секілді секциялар қоғамды жаңғырту, мәдени-рухани даму, сондай-ақ білім және ғылым мәселелерін қозғаған болатын. Алқалы жиынға қатысып жатқан азаматтар халық, қоғам тарапынан келіп түскен бірқатар мәселелердің құрылтайда қаралғанын жоғары бағалауда. Атап айтсақ, былтырғы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Egov платформасында арнайы өтініш қабылдау тетігі іске қосылған болатын. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің хабарлауынша, оған 11 бағыттағы 424 ұсыныс келіп түскен.
Негізгі жиын соңында талқылаулардың қорытынды сөзі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілді. Президент ұлт ұясы Ұлытауда өткен құрылтай мен ел басынан өткен оқиғаларға тоқтала келіп, Абай облысындағы қиын жағдайды да тілге тиек етті.

– Түркістан ғасырлар бойы қазақ халқының маңызды саяси орталығы болып келді. Қазақ мемлекетінің бас қаласы ретінде тарихқа алтын әріппен жазылды. Көптеген хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ұлан-ғайыр далаға билігін жүргізген. Қара қылды қақ жарған билеріміз түрлі дау-шарға төрелік айтқан. Ел-жұртын береке-бірлікке шақырған. Мұның бәрі еліміздің ерте заманнан бері бір орталықтан басқарылған біртұтас мемлекет болғанын көрсетеді… Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді. Сондықтан, осы аймақты басқарып отырған басшыларға зор жауапкершілік жүктеледі.
Қанша дәуір өтсе де, ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді. Биылғы құрылтайдың сипаты – өзгеше, мазмұны да – ауқымды. Кешеден бері бірнеше тақырып бойынша жан-жақты, қызу талқылау болды. Құрылтайға қатысушылар Үкімет мүшелерімен пікір алмасты, ойларын ортаға салды. Тың бастамалар көтерді. Президент Әкімшілігі соның бәрін мұқият зерделейді. Ортақ бір тұжырымды әзірлейді. Салмақты ұсыныстар алдағы жұмыс кезінде міндетті түрде ескеріледі. Пікірталасқа белсене қатысқан барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін, – деді Қ.Тоқаев.
Талқылау қорытындысына сай, құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын іске асыру бойынша ортақ тұжырым жасалды.
Дәурен ТІЛЕУХАН.