Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылының тұрғыны Райымжан Қошқаров үйінде ерекше аң-құстар мен ешкілерді өсіріп отыр. Зообақта жануарлардың 30-дан астам түрі кездеседі. Сонымен бірге, шағын елді мекеннен түлкі, қоян, түйеқұс, тауыс, бүркіт, қаз-үйрек, тауықтың сан түрін кездестіре аласыз.

«Қазір зообағымызды толықтырып, франциялық, англиялық, голландық ешкілерді алдыртып жатырмыз. Олар күніне 5-6 литрге дейін сүт береді. Бір ерекшелігі – зообақ барлық келушілерге тегін. Бүгінде тек ауыл тұрғындары ғана келіп жатыр. Алдағы уақытта жануарлар қатарын көбейтіп, зообақтың ресми ашылу салтанатын жасауды жоспарлап отырмыз», – дейді ол.

Райымжан Саттарұлы облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі. Өзі Түркістан қаласында орналасқан Ататүрік атындағы мектепте сабақ береді. Қоғамдық істерге де құлшына кірісіп, жастар тәрбиесі, салауатты өмір салты, ұрпақтар сабақтастығы бағытында ауқымды істер атқарып жүр.

«Ауламызда қырыққа жуық құстың түрі бар. Сонымен қатар қоян мен түлкінің ерекше түрлері де қамқорлыққа алынды. Жалпы, бұл істі қолға алуыма оқушылардың ұсынысы түрткі болды. Сабақ барысында аң, құс жайында сұрасаң, ешқандай мәлімет бере алмайды. Сол себепті жастарды осында алып келіп, аң-құсты көзбен көрсін деген мақсатта жасап жатырмын», – дейді ол. Мұндағы қояндар мен қарсақ кейде қашып кетеді екен. Сондай сәтте иесі бүкіл ауылды іздеп шарқ ұрады. Ал, таппаса табиғатқа тапсырады. Қора-қопсыдан қашқан құстар мен қояндар ауыл маңындағы тоғайды паналайды.

«Балалардың танымдық қабілеттерін дамытуға зообақтың көмегі зор. Бұл істі карантин кезінде бастадық. Жан-жануардың түрін көбейтуге пандемия кедергі болғанымен, құрылыс жұмыстарын тоқтаусыз жүргіздік. Қазір зообақты тамашалауға келген қонақтар мен тұрғындарға тамақтанатын орын дайындап жатырмыз» – дейді ұстаз.
Райымжанның үй ауласынан зообақ ашып жатқанын естіген жерлестері алғашқы да таңданыспен қараған. Дегенмен бірте-бірте үйренісіп кеткен. Қазір қонақтарын ертіп, зообақты тамашалауға жерлестері жиі келеді. Жалпы, Райымжан Қошқаров сирек кездесетін құстарды сатып алады. Тіпті кейбірін шет елдерден алдырған. Ал оларды күтіп-баптау үшін арнайы дайындалған қоспаларды пайдаланады. Күнделікті аяқ-қолын спиртпен сүртіп, тазартып отырады. Қауіпсіздік шараларын да қатаң сақтайды.
