ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ҚАРБЫЗ ӨНІМІ РЕСЕЙГЕ ЭКСПОРТТАЛУДА

5  414 көрілім

Жетісай ауданына қарасты Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде 6 гектар жерге пленка астында, 5 гектар жерге пленкасыз қарбыздың «Талисман F1» сортын еккен Олжас Есботаев өнімін Ресейге саудалауда. Диханшылықты кәсіп еткен шаруа сәуір айында егіншілігін бастап, қажетті агротехникалық шаралардың дер кезінде жасалуының нәтижесінде пісіп жетілген қарбыздан шамамен 300 тоннаға жуық өнім алынады деп жоспарланып отыр.

«Биыл ауданымыздың климаты диқаншылыққа қолайсыздау болғанымен тәуекел жасап жылдағы уақытта егіншілікті бастадық. 6 гектарға пленкалы, 5 гектарға пленкасыз қарбыз ектік. Егістік алқабының әр гектарына шамамен 1 млн теңгеден шығын шығардық. Әйтсе де, ауа-райының қарасқандығынан бүгін міне өнімімізді саудалап отырмыз. Тағы 15 күнде пленкасыз қарбызымыз да дайын болады» дейді Олжас Есботаев.

Жетісайлық шаруалар биылғы жылы 79,3 мың гектар суармалы жердің 45,5 мың гектарына мақта шитін сепсе, 19,6 мың гектар жерге бақша, 5 мың гектар жерге дәндік жүгері, 2,9 мың гектар жерге көкөністер мен 5,3 мың гектарына мал азықтық дақылдарын еккен.

«Қазіргі таңда ауданда бақша дақылдарынан өнім жинау науқаны жүргізілуде. Қазірше жигалған 24,5 мың тонна бақша өнімдерінің 11,9 мың тоннасы қарбыз болса 12,5 мың тоннасы қауын. Жиын-терім науқанының соңына дейін бақшадан 525 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр» деген Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Нұртас Тұрсынбеков бақша дақылдарының өнімдері негізінен Ресей, Беларусия мемлекеттерімен қатар еліміздің Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі қалаларына, сұраныс болған өзге де облыс орталықтарына жөнелтілетінін айтады.

Айта кетейік, қарбыз өнімдерінің бағасы алғашында келісіне 90 теңгеден басталса, қазір 70 – 80 теңге аралығында сатылуда.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы