ТЕРІСКЕЙ ТҮТІННЕН АРЫЛАДЫ

993 көрілім

Созақ ауданында 2027 жылдан бастап көгілдір отын өндіріледі. Теріскейдегі жер қойнауында елу жылға жететін газ қоры бары анықталған. Бүгінде барлау жұмыстары жүргізілуде. Жоба жүзеге асса ауданмен бірге Арқадағы ағайынға да қуаныш сыйламақ. Бұл туралы Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Созақ ауданының әкімі М.Тұрысбеков айтты. – Ауданда АГТС бар магистральды газ құбыры-тармағын салу жұмысы жүргізілуде. Өткен жылға дейін Жаңатас қаласы бұрылысынан Шолаққорған ауылына дейінгі 43,8 шақырым магистральды газ құбыры орнатылған. АГТС қондырғыларының орындары дайындалып, қоршауға алынды. Биыл осы мақсатта тиісті қаржысы қаралып, аванс төленді. Қазіргі уақытта АГТС қондырғылары дайындалуда. Келер жылы қондырғылар толығымен орнатылып, табиғи газға қосылатын болады. Ал, аудан орталығы Шолаққорған ауылын табиғи газбен қамту үшін былтырға дейін 190 шақырымды құрайтын 100-ге жуық көшеде орналасқан 3200 абонентке газ құбыры жүргізілді. Шкафты газ реттеу пунктінің орындары дайындалған. Ағымдағы жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталса, келер жылы көгілдір отын көпке қуаныш сыйламақ. Теріскейдің түтіннен арылатын күні жақын, – деді аудан әкімі.


Сонымен қатар, аудан әкімі өткен жылдағы атқарған жұмыстарды тілге тиек етіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. М.Тұрысбековтың айтуынша өңірлік өнім көлемі молая түскен. Ағымдағы жылдың I тоқсанының қорытындысымен ауданда 121 млрд. 967 млн. теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндірілген. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11 млрд. 371 млн. теңгеге артқан. Ал, ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 2022 жылдың қорытындысымен 19 млрд. 671 млн. 500 мың теңге болып, 2021 жылмен салыстырғанда 2 млрд. 33 млн. 900 мың теңгеге артық орындалды. Осы саланың негізгі капиталына өткен жылдың қорытындысымен 429,2 млн. теңге инвестиция тартылған.


БАҚ өкілдерімен кездесуде аймақ басшысы ауданның әлеуетін арттыратын салаларға айрықша тоқталды. Журналистердің көкейкесті сауалдарына жауап берді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы