САМАЛАДАЙ ЖАРҚЫРАҒАН ТҮНГІ
ТҮРКІСТАН

193 көрілім

Бүгінде төрткүл дүние көз тігіп отырған Түркістан қаласында атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Түркі елдерінің рухани астанасы мәртебесіне сай қалыптасып жатқанын әрбір игі істен аңғаруға болады. Түркістан облысының 5 жылдығына орай түрлі сала бойынша жүргізілген жұмыстар жайы ауыз толтырып айтарлықтай. Сондай ауқымды жұмыстардың бірі – қала көшелерін жарықтандыру мәселесі.

Иә, бір кездері жұмыстан, мектептен қараңғыда қайтарда немесе түнде көшеге шыққанда қолшам алып, түртінектеп, қорқып жүретін қиын кездер артта қалды. Бүгінде қала көшелерінің басым бөлігі жарықтандыру жүйесіне толық қосылған және де төмендегі көрсеткішке сай, жыл сайын кезең-кезеңімен жарықтандыру жұмыстарының тиянақты жүргізіліп жатқанын байқауға болады:
2020 жылы қала аумағындағы жарықтандырылған көшелер үлесі 31,8% құраған. Жалпы көрсеткіш – 269 көше, 347,7 шақырым. 2021 жылы 124 көшеге (147,8 шақырым) жарықтандыру жүйесі жүргізіліп, жарықтандырылған көшелер үлесі 46,5% құраған. Жалпы көрсеткіш – 393 көше, 495,5 шақырым;
2022 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесімен, қала аумағындағы 93 көшеге (123,1 шақырым) құрылыс жұмыстары жүргізіліп жарықтандырылған көшелер үлесі 51%-ға жетті. Жалпы көрсеткіш – 485 көше, 618,6 шақырым.

Осы ретте сөзімізге дәлел болу үшін, Түркістан қаласы әкімдігінің «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» ММ-нің Жарықтандыру саласы бойынша жауапты маманы Бақдәулет Ардаққа жолығып, қазіргі таңда қаламыздағы жарықтандырылған көшелер, тозған электр желілерін ауыстыру жайын сұраған едік. «Иә, жалпы ақпарат бере кетсек, қазіргі таңда қалада 875 көше болса, соның 443-і, яғни басым бөлігі орталық көшелер жарықтандыру жүйесімен қамтылған. Тозығы жеткен, ақауы бар электр желілерін ауыстыру, электр энергиясы жетіспейтін көшелерге электр желілерін тарту бойынша күтіп-ұстау жұмыстарына жыл сайын қаржы бөлінеді. Бөлімге қарасты «Түркістан жол қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекеменің кезекші электрик мамандары күнделікті күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізіп отырады. Яғни мамандар анықталған ақаулықтар бойынша көше аралап және 109 бірыңғай байланыс орталығына келіп түскен өтінімдер бойынша қайта қалпына келтіру жұмыстарын тұрақты жүргізуде.

Айта кеткен жөн, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау және қала аумағындағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласында 2022-2023 жылдар аралығында 277,2 шақырымды құрайтын 272 көшені жарықтандыру жоспарланған болатын. Мердігер компания – «Ақсемсер-СтройСервис» ЖШС. Қазіргі таңда 134 көшеде құрылыс жұмыстары аяқталды, жарықтандыру жүйесі толық іске қосылып, қалған көшелерде жалғасын табуда. Оның ішінде «Шауғар» тұрғын алқабы, яғни Ортақта ұзындығы 83 шақырым 48 көшеде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін қуат көзіне қосу үшін Шымкентте орналасқан «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС-мен бірлесе техникалық шарт әзірленіп, тиісті жұмыстар атқарылады.
Әңгіме барысында Бақдәулет мырзадан «бұзақы балдардың көше шамдарына зақым келтіру жағдайлары кездесе ме?» деген сұрақты да қоюды ұмытпадық. «Иә, өкінішке қарай, ондай жағдайлар орын алып тұрады. Мысалы, 2022 жылдың 4 тоқсанында Оралман аумағында жарықтандыру орнатқан кезде белгісіз азаматтар трансформатор ішіндегі жәшіктерді ұрлап, зиян келтірген болатын. Ол бойынша полицияға дер кезінде тиісті хат жолданып, істің мән-жайы анықталған еді».
Расында, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін атқарылып жатқан жұмыстарға баршамыз бей-жай қарамағанымыз абзал. Керісінше, қауіпсіздік үшін, сондай-ақ қаланың түнгі сәулеттік көркін келтіру мақсатында заманауи үлгіде жарық шамдармен жарықтандырылғанына қуанып, халық игілігіне арналған ортақ дүниені ұқыпты күтіп-ұстағанымыз жөн болар. Ал тынымсыз атқарылған жұмыстардың нәтижесінде көне шаһардың шырайы кіріп жатқанын әрқайсымыз шынайы түсінгеніміз игі.

Осы орайда қаламыздың Мерей көшесі тұрғындарының атынан пікір білдірген Т.Сапарбаевқа кезек берейік: «Біздің көшемізге жарық жүргізілгеніне 2 жылдай болып қалды. Бұл біткен игі істердің бірі десем болады. Кешкі 8-ден таңғы 8-ге дейін қосылып тұратын жарық жүйесіне дән ризамыз. Балаларымыз әсіресе қыс мезгілінде қараңғыға қалып қоймай, самаладай жарық та қауіпсіз көшемен үйлеріне қайтады. Көше жарығы үйдің ауласына дейін түсіп тұрады. Ендігі мәселе, өткен жылы қазу жұмыстары басталып, әзірге аяқталмаған жол мәселесі тезірек шешімін тапса екен дейміз».

Н. ҒАЙБУЛЛАҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы