ТҮРКІСТАН: «БАЛАFEST» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

344 көрілім

Қаламыздағы «Жеңіс» саябағында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, ерекше назардағы балаларға арналған «Армандар орындалады» атты қайырымдылық акциясы аясында «Түркістан БалаFEST» өнер фестивалі болып өтті.

Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен айтулы жиынның басты мақсаты, мүмкіндігі шектеулі балаларды қуанту және оларды ортаға бейімдеу еді.

Жиын барысында мерекелік концерт қойылып, «Бисұлтан» және «Сымбат» би ансамблдері мың бұрала билеп, өнерлерін паш етті. Осылайша сахна төрі өнермен көмкеріліп, көрермен көңіліне шаттық сыйлады. Аталмыш мереке қарсаңында балаларға түрлі сыйлықтармен қоса балмұздақтар таратылды. Сондай-ақ, мерекелік іс-шара қарсаңында Жеңіс саябағында өнерлі мектеп оқушылары тарапынан асфальтке сурет салу, ұлттық спорттық ойындар, қолөнер шеберлері  және суретшілер, әдеби кітап көрмелері  көрерменге ұсынылып, ойын-сауық ұйымдастырылды.

Айтулы мерекеде мектептерден жиналған оқушылардың өнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен, өнер фестивалінің жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Сүлеймен Арыстанов, Түркістан қалалық мәслихат депутаты Ғалымжан Худияров қатысып, сахна төрінде өнерлі балаларды мерекемен құттықтады.

Түркістан қаласының әкімі тарапынан өнер жарысына қатысқан жеткіншектерге заттай сыйлықтар тарту етіліп, дарынды балалардың жетекшілері де арнайы алғыс хатпен марапатталды. Ел болашағының шамшырағы балғын жүректі балалар екені анық. Көңілі кіршіксіз балалардың мерекесі құтты болғай!

Нұрсұлу БӨКЕНБАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы