ҚАУІПСІЗ ҚАЛА ҚҰРУ ҚҰНДЫ МӘСЕЛЕ

460 көрілім

«Тәртіпке бағынған құл болмайды» – деген еді батыр Бауыржан. Даңқты атамыз бекер сөйлемейтіні сөзсіз. Түркістан қаласындағы қоғамдық тәртіптің дұрысталып, тұрғындардың қауіпсіз қала жасауға жасайтын қадамы жаңарған шаһардың келешегінің кепілі десек артық айтпаймыз. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен мемлекеттік органдар мен қоғам арасында қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, сервистік тәсілді енгізу мақсатында пилоттық жобасы іске қосылған болатын.

Аталған жобаның артықшылықтарымен таныстыру үшін Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» нысанында полиция басқармасы қызметкерлері, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары қатысқан жиын өтті. Кездесуге Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, қалалық мәслихаттың төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, Түркістан қалалық полиция басқармасының басшысы, Полиция полковнигі Бауыржан Жанаев қатысып, жұмыстарын таныстырды. Бауыржан Дәулетханұлы сервистік тәсілмен жұмыстың басталып кеткенін айтып, облыс орталығының бүгінгі тыныс-тіршілігін баяндады.  Ол қазіргі таңда, Шетелдік озық тәжірибелерді қолдана отырып, жобалық топпен бірлесе сервистік модельге көшу үшін сканерлеу, талдау, бағалау және шара қолдану секілді төрт кезең бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар, басқарма басшысы ағымдағы жылдың 4 айында, басқармаға 6074 хабарламалар мен шақыртулар тіркеліп, оның 268-не қылмыстық іс қозғалған, 2491-не әкімшілік шара көріліп, 2690-ны қылмыс белгілері болмауына байланысты қараусыз қалдырылған жеткізді.

Сараптама нәтижесінде орын алатын құқық бұзушылықтардың орнымен уақытын ескере отырып, полиция нарядтарының бағыттары қайта жасақталған. Нәтижесінде, қылмыстар өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 19 пайызға, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар 13 пайызға төмендеген. Талдау көрсеткендей, қоғамда өзекті болып тұрған, алаяқтық қылмыстары соңғы 4 жылда 108,3 пайызға артқан болса,  тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізу арқасында ағымдағы жылдың 4 айында 26 пайызға кеміген.

Кездесу барысында, қала тұрғындары да өздерін алаңдатқан мәселелер бойынша сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын алды. Сондай-ақ, шаһар белсенділері құқық қорғау органдарының жұмысына оң баға беріп, алғыстарын да аямады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы