Келес ауданында тозған инфрақұрылым жүйелері жаңартылып, жөндеуді қажет ететін көшелерге асфальт жабындысы төселуде. Аудан орталығынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан Жамбыл және Бозай ауылдық округтерінің инфрақұрылымдары жаңартылуда. Бұл мәселелерді жергілікті тұрғындар Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевпен кездесуінде сұранған болатын. Нәтижесінде Жамбыл ауылдық округінің Бекбота және Ащыкөл ауылдарын жалғайтын 9,7 шақырымдық аудандық маңызы бар автожолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

-Өткен жылы Бекбота мен Ащыкөл елді мекендерін жалғайтын аудандық маңызы бар автожолды күрделі жөндеуден өткізу бойынша тиісті жұмыстар басталған болатын. Былтыр 3 шақырым жолға асфальт төселсе, биыл қалған жол істелуде. Тұрғындар осы мәселені тездетіп шешіп, ел игілігіне тапсырса екен деп сұранған болатын. Сұраныс қанағаттандырылып, жұмыстар таяу арада аяқталады, – деді Жамбыл ауылдық округінің әкімі Талғат Байдуллаев.

Айта кетейік, Келес ауданы 2018 жылы өз алдына жеке аудан мәртебесін алып, кенжелеп қалған инфрақұрылым жұмыстары қарқынды түрде жаңалануда. Өткен 5 жыл ішінде 14 ауылға газ берілсе, жыл соңына дейін тағы 9 ауыл толық газбен қамтылады. Ал ішкі көшелердің қанағаттанарлық жағдайы 2018 жылы 22 пайызды құраса, биыл 60 пайыздан асуы көзделген.