Әзірбайжан Республикасының Шуша қаласында Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен «Түркі әлемінің мәдени астанасы – Шуша 2023» іс-шарасы және «Хары-бюльбюль» халықаралық фольклорлық фестивалі өтті. Бірнеше күнге созылған іс-шараларға Қазақстанмен қатар, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сынды түркітілдес мемлекеттердің өкілдері де қатысты.
Ауқымды фестивальге «Turkistan Qol Oner Одағының» төрайымы Индира Сарқытқызы бастаған түркістандық қолөнершілер де қатысып, көпшілікке қазақтың ұлттық тағамдары мен қолөнер шеберлерінің ең үздік бұйымдары қойылған көрме-жәрмеңкені ұсынды.

Сондай-ақ, Шуша қаласына «мәдени астана» мәртебесін беру іс-шарасына түркітілдес мемлекеттердің мәдениет министрлері арнайы қатысқан. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов та болды. Түркі мемлекеттерінің министрлері қазақ халқының құндылықтарымен танысып, ұлттық тағамдарымыздан дәм татты. Өз кезегінде Индира Икапова Әзірбайжан Республикасының мәдениет министрі Адиль Керимлиге Қожа Ахмет Ясауи туралы кітапты сыйға тартты.

Айта кетсек, бұл бағыттағы рухани-мәдени іс-шаралар 3-14 мамыр күндері аралығында өткен болатын.
Бауыржан ЕРМАН
