Жуырда қазақтың үш биіне арналған оқушылар арасында ұйымдастырылған дода өз мәресіне жетті. Іс – шара Отырар шағын ауданында орналасқан «Ақ Жайық» музыкалық мектебінде өтті. Концерттік бағдарлама өтуіне Түркістан облыстық және қалалық әкімшілік тарапынан қолдау алып, жоғары деңгейде өтуіне елеулі үлес қосқан “Қаз дауысты – Қазыбек би” қорының төрағасы Пернетай Досыбеков болды.

Жиын барысында жыл басында бастау алған оқушылар сайысының жеңімпаздары сахна төріне шығып, көрерменді өз өнерлерімен тәнтті етті. Іс – шараға Түркістан қаласының зиялы қауым өкілдері келіп, осы бастаманы қолға алып, облыс деңгейінен Республикалық деңгейге жеткіземін деп ат салысып жүрген Пернетай Досыбеков пен «Төле би» қайырымдылық қоғамдық қорының төрағасы Жарылқасын Ізбасаровқа ыстық ықыластарын білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тілесті.
Айта кетейік, жыл басынан бастау алған бұл додаға 17 ауданнан 14 мың 600-ге жуық оқушы 8 аталым бойынша қатысып үлгерді.

Сондай-ақ, осы дода барысында оқ бойы оза шапқан оқушыларға қаржылай сыйлықтар табысталып, алдағы айда “Төле би” және ” Қазбек би” қорларының демеушілігімен еліміздің көрікті мекендеріне тегін барып, көрікті қалаларды көруге жолдама жеңіп алды. Елімізде алғаш бастама алған бұл доданың жабылу салтанатының алғы сөзін Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы тәрбие бөлімінің басшысы Жандос Маханбетов алды. Сонымен қатар, Түркістан облысының Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы сөз тізгінін алып, жиынға келген жастарға өз ақылын айтып, замандастарына сәттілік тілеп, және жиналған қауымға ақ батасын берді.
Ержан СМАҒҰЛ.