«МИРАСТЫҚТАР» БІРАЗ МӘСЕЛЕНІ ТАЛҚЫҒА САЛДЫ

186 көрілім

«АМАNАТ» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Мiras» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Түркістан облыстық мәслихат депутаты Қ.Жантөреева төрайымдық ететін кеңестің күн тәртібінде төрт мәселе қаралды.

Соның ішінде республикалық сайлауалды қоғамдық штабының Түркістан облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы жөніндегі жұмыстар талқыға салынды. Атап айтсақ, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметке орналасу кезінде мемлекеттік тіл – қазақ тілін жетік білуі және қазақ тіліне құрметпен қарауы тұрғысындағы мәселелер жөнінде облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары А.Темірхан бұл тапсырма бойынша өңірімізде жүйелі жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. Сонымен бірге ауылдағы клубтар мен мәдениет үйлерінің, кітапхана мен үйірме жұмыстарын жақсарту барысы туралы баяндаған А.Темірханұлы саладағы мәселелерді ортаға салды. Бұдан соң орта мектептерде тәрбие сағатына берілетін 38 сағаттың ішінен 34 сағатқа қазақтың ұлттық идеологиясын, салт-дәстүр мен рухани құндылықтарды сақтау және өскелең ұрпақты кітап оқуға дәріптейтін жаңа жоба жасау, оны жүзеге асыру жолдарын қарастыру туралы облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары А.Садықова баяндап өтті. Аталған бағытта бірқатар мәселелердің де бар екенін жасырмады.

Соның ішінде ұлттық құндылықтарды мектеп оқушыларына дәріптеу және санасына сіңіру барысында қажетті оқулықтарды алуға «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының талаптары қолбайлау болып отырғанын айта кеткен жөн. Осыған байланысты басқарма өкілдері өткен жылы алуға тиіс кітаптарға әлі күнге дейін қол жеткізе алмай келеді. Бұдан бөлек ауылдағы спорт пен спорт үйірмелерінің жағдайын жақсарту және ауыл жастары арасында бұқаралық спортты дамыту жөнінде облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қ.Жолдықараев хабарлама жасап, көңіл толарлық көрсеткіштерді атап өтті. Алайда бұл салада да мәселелер жоқ емес. Бұқаралық спортты дамытуға ден қойған басқармада мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында серіктестік орнатып жұмыс жасап жатқан жеке спорт нысандарында жаттығатын балалардың санына қарай мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Осы бағытта аймақтардағы үйірмелерге қатысатын 30 мыңға тарта балалардың санына ай сайын талдау жасап отыруға бір ғана маман бекітілген. «Дәл осы міндетті атқаруға тағы да екі мемлекеттік қызметші қосылса аталмыш бағыттағы жұмыстар сапалы әрі жандана түсер еді», – дейді басқарма басшысы.

Осылайша өрбіген мәжілісте Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ қарамағындағы пантион жайы да сөз болды. Өмірден өткен жанға құрмет ретіндегі ескерткіш құрылыстарының тұрғындардың қолымен құрдымға кетіп бара жатқаны айтылды. Осыған байланысты қайта жаңғырту жұмыстары мен Түркістан қаласы – түркі әлемінің рухани астанасы ретінде кеңінен таныту мақсатында түркі тілдес елдердің басшыларын, түркі әлемі мен елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлерін жерлейтін арнайы пантион салу мәселесі көтерілді. Кеңес мүшелері өз ойларын ортаға салып, бұл бағытта нақты ұсыныстар әзірлеуге уағдаласты. Жиын соңында Ахмет Ясауидің туғанына 930, Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толу мерейтойын атап өту жөнінде кеңес мүшелері өзара пікір алмасты.

«Түркістан-ақпарат».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы