«Бір жылдығыңды ойласаң егіс ек, он жылдығыңды ойласаң жеміс ек, ғұмырыңды ойласаң ұрпағыңды тәрбиеле», – дейді халық даналығы. Ел келешегі саналған жастарға білім мен тәрбие қатар берілуі тиіс. Бұл ретте, өңіріміздегі әрбір орта оқу орындарында ашылған «Әкелер мектебінің» алар орны ерекше. Өйткені, мұнда жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алды алынып, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуді әкелер насихаттап, мектептегі тәрбие саласына көмектеседі. Аталмыш бастаманың барысы рухани шаһарда өткен Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген төралқа мәжілісінде сөз болды.


Жиынға облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Б.Абдрасилов, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р.Жолаев және кеңес мүшелері мен қалалық, аудандық білім саласының мамандары, «Әкелер мектебінің» төрағалары, зиялы қауым мен БАҚ-ның өкілдері қатысты. Басқосуды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде «Әкелер мектебінің» ұйымдастыру істері мен Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің құрамындағы бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмысы сараланып, талқыланды.



Шара шеңберінде сөз алған Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Б.Серікбайұлы «Әкелер мектебінің» маңыздылығына тоқталып, оны қолдайтындығын жеткізді. Сонымен қатар, аталмыш мектептің бекітілген төрағалары ата-ананың жауапкершілігін көтеру мәселелерін ортаға салды. Сондай-ақ, бұл бойынша әдістемелік жұмысты жетілдіру жөнінде ғылыми топ құру сынды ұсыныстары назардан тыс қалмады. Ардагерлер өз ойларын ашық айтып, ұсыныс пікірлерін білдірді. Басқосуды қорытындылаған Ж.Мауленқұлов мәжілісте айтылған орамды ойлар мен ұсыныс-пікірлер ескерілетіндігін тілге тиек етті.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».