Созақ ауданы Түркістан облысындағы тарихы терең өңір. Бұл аймақта қазақ халқының тарихында ойып тұрып орын алатын оқиғалар көп болған. Сырлы Созақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі де ауыз толтырып айтарлықтай. Ауданда жасалынып жатқан игі істердің бірі «Жасыл белдеу» аумағы. Өткен жылы аудан әкімінің бастамасымен бастау алған жоба бүгінгі күні көптің ықыласына бөленген. Демеушілер есебінен атқарылып жатқан жұмыстар Шолаққорған – Түркістан тас жолы бойында жүргізілуде. 2022 жылы 3 гектар жерге 3500 түп көшет отырғызылса, биыл бұл көрсеткіш тағы да 2000 талға ұлғайған. Аудан басшылары жұмыстардың әрмен қарай да жалғасын табатынын жеткізіп отыр. Белдеудің тазалық жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Аудандағы барлық мемлекеттік мекеме қызметкерлері әр апта сайын сенбілік ұйымдастырып, өңірдің көркейуіне өз үлестерін қосып жатыр.

Сырлы Созақта шағын және орта бизнеске де қолдау ерекше. Сөзіміздің дәлелі өткен жылы ғана қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелетіп отырған қос орталық. Оның біріншісі – «Талшын Сатыбалды» массаж орталығы. 2022 жылы мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып 1 миллион 225 мың теңге қаржы алған кәсіпкер өз қаражатын қоса отырып, 4 адамды жұмыспен қамтыған. Орталықта әйелдер мен балаларға медициналық және классикалық массаж түрлері жасалынады. Жас кәсіпкер шәкірттер де тәрбиелеумен айналысып жүргенін жасырмады. Екінші кәсіпкерлік нысан «Алтын босаға» наубайханасы. Шолаққорғандықтарды толықтай нан өнімдерімен қамтамасыз етуге қауқарлы бизнестің иесі Сәуле Аманбекова. Бұл жерде бүгінгі күні тәтті бәліштің 5 түрі, авторлық пәтірнан, сонымен қатар, тапсырыспен түрлі торттар пісіреді. Қос кәсіпкер де алдағы уақытта бизнесін кеңейтуді көздеп отыр.

2021 жылы жаңа ғимаратқа қоныс аударған Сұлтанбек Қожанов атындағы Созақ аудандық өлкетану музейі аудан мақтанышы. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай екі қабатты заманауи нысанға көшкен орталықтың тарихы терең. 1994 жылы ашылған музей қоры ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Бүгінгі таңда 2 экспозициялық залда сырлы Созақтың тылсым тарихынан сыр шертетін жәдігерлер келушілердің көз қуанышына айналған. Ағымдағы жылдың 4 айында құны қымбат, тарихы жұмбақ музейге 1704 адам арнайы ат басын бұрса, орталықтың қоры 55 жаңа жәдігермен толыққан.

Созақ ауданында спортқа да ерекше көңіл бөлінеді. 2020 жылға дейін дәстүрлі түрде өткізілген Халықаралық бокс турнирі сөзімізге дәлел. Биылғы Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 78 жыл, Созақ ауданының 95 жылдық мерейтойларына арналған былғары қолғап шеберлерінің Халықаралық додасы карантиндік кезеңнен кейін жалғасын тапқан жағымды жаңалық. Көршілес Өзбекстан мен еліміздің бірнеше өңірінен арнайы келген 20 команда сапында 320-ға тарта жас спортшы сынға түсуде. Байрақты бәсекенің ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков алдағы уақытта аудан орталығынан 200 орынды заманауи спорт кешенінің құрылысы басталатынын тілге тиек етіп, спорт сүйер қауымды қуантып қойды.

Аудандағы автомобиль жолдары да назардан тыс қалмаған. Жалпы Созақ ауданында 917 шақырым көлік жолдары бар. Оның ішінде 435 шақырым облыстық, 79-ы аудандық маңызы бар статусына ие болса, 403 шақырымы елді мекендердің ішкі жолдары болып табылады. 2022 жылы ұзындығы 34,1 километрді құрайтын 23 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 30,5 шақырымды құрайтын 19 көшенің автомобиль жолы жаңаланған. Облыстық маңызы бар 152 шақырым жолға асфальт салу жұмыстары 2022 жылы бастау алып, «КХ-2 Ұланбек-Созақ-Екпінді» жолындағы Шолаққорғаннан Ыбырай елді мекеніне дейінгі 83 шақырым, Созақтан Қарағұрға дейінгі 30 шақырым, Шолаққорған мен Құмкент аралығындағы 39 шақырым жерге асфальт жабындысын төсеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл нысандардағы жұмыстар 2024 жылы да жалғасын таппақ.

Сырлы Созақтағы шаруалар да заман ағымынан қалыс қалмаған. Мәселен, «Қанжарбек» шаруа қожалығы мемлекет қолдауын тиімді пайдаланып, 2020 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 10 миллион теңге несие алған. Бұл қаржыға қожалық төрайымы Айгүл Ашетова 400 бас қой сатып алыпты. Бүгінгі таңда шаруасын өрге дөңгелеткен қожалықта 1130 бас уақ мал, 50 бас мүйізді ірі қара мен 75 бас жылқы бар. Сонымен қатар, бұл жерде 8 адам тұрақты жұмыс тауып, орта есеппен 120-150 мың теңге мөлшерінде жалақы алып отыр. Заман талабына сай жұмыс жүргізіп отырған тағы бір қожалық «Дәмен» шаруа қожалығы. Шаруа қожалығы ағымдағы жылы құны 52 миллион теңге тұратын жобаны іске асырып, 40 гектарға жуық аумақ жаңбырлатып суғару әдісіне көші жоспарланған. Бұл технологияның артықшылықтарын әбден зердеген аудан шарулары заман талабына сай жұмыстарын күшейте түсуді көздеп отыр.
Жалпы, Созақ өңіріндегі оң өзгерістер көңіл қуантады. Елдің әлеуеті ай сайын артып, күн санап көтеріліп келеді. Аудан басшылары жүйелі жұмыстарын тоқтатпай, халықтың қалауын орындауға ниетті.
Досхан Төлегенов