ТАЯҚ ҰСТАП КЕЛГЕНГЕ ТАЙ МІНГІЗГЕН

304 көрілім

Түркістан облыс орталығы болғанына да биыл бесінші жыл толып отыр. Сол бес жылдың ішінде Түркістан қаласын үш әкім басқарды.

2019 жылдан бастап Түркістанды қарқынды дамыту басталды. Ал, 2020 жылдан бастап қаламызды дамытуға қаржылар триллиондап ағыла бастады. Есебі бар, есебі жоқ, әйтеуір қыруар қаржы. Ақыр соңында тап-тамаша салынған скверлерді, бақтарды, алаңдарды бұзып, орнына одан да нашар алаңдар, скверлер т.б сала бастады. Түркістанда тендер алып, жұмыс істейміз деп бүкіл Қазақстаннан әртүрлі фирмалар қаламызға келді. Ол да дұрыс болар, себебі бір Түркістан өз күшімен барлық жұмыстарды атқара алмас еді. Бірақ та, сол жұмыстарды істеуді Түркістанның жергілікті фирмаларына да бермеді. Бір ғана мысал 30 жылдық өтілі бар, 300-ден аса техникасы, 1000-нан аса жұмысшысы бар «АҚ Жол» фирмасына соңғы жылдары бір де бір жұмыс бұйырмады. Мейлі Қазақстандағы барлық мердігер фирмалар Түркістанда жұмыс істеп, тендер алуға тең құқылы. Алайда, сол мердігер компаниялардың көпшілігі Түркістанға «таяқ» ұстап келеді, бәрінің мақсаты «тай» мініп кету.

Осындай Түркістанға келіп «тай» мініп кетемін деп, «таяқ» ұстап келгендердің бірі облысымызға белгілі азамат – Ғани Райымбеков.

Бұл көптен бері осы құрылыс саласында тендерлермен жұмыс жасап жүрген азамат. Түркістан қаласын түлетуге, атсалысуға қала басшылары шақырған болуы керек Нұрбол Тұрашбеков қалаға әкім болып Ордабасы ауданынан ауысып келісімен, көп ұзамай Түркістан қаласында пайда болды. Содан үстін- үстін жұмысты бастамай жатып, бірінің үстіне бірін Түркістан қаласынан бірнеше нысанның құрылыс жұмыстарын өзіне тікелей қатысы жоқ фирмаларға алады. Жұмыс беруші «Түркістан Жарық-Тазалық» мекемесі.

Түркістанға «таяқ ұстап келсең, тай мінгізеді» деген бабаларымыздың дана сөзі өз дәлелін тапқандай болды. Ғани мырза Түркістанға «таяқ» ұстап келгенше Ордабасы ауданының мәслихат депутаты болса, Түркістанға келіп жігіттері құрылыс жүргізгеннен кейін Түркістан облыстық мәслихатына депутат болып кетті, «тай» емес бірденнен «бесті ат» мінді. Міне, біздің Түркістанның «қасиеті».

Осы Ғани Райымбеков әкімшіліктегілердің айтуынша, өзіне тікелей қатысы жоқ Түркістан қасында жүрген жақын жігіттерінің фирмасына Түркістан қаласын суландыру жүйесінің бір бөлігін алып береді. Нысан атауы «Ақан сері көшесінен – Тұран» аралығында ағын су жүретін арық құрылысы. Сол жұмысты 2021 жылы алып, 2022 жылы толық өткізген. Жұмыс құнына 350 миллион теңгеден астам қаржы алынған. Арықтың ұзындығы үш шақырым. Әр шақырымы 100 миллион теңгеден асатын бұл арықпен бүгінгі күнге дейін бір литр де су ақпаған. Су ақпақ түгілі бұл істелген жұмысты кім және қалай мемлекетке қабылдағаны түсініксіз, және қалай құдайдан қорықпай қаржы аударғанын білмеймін, ана арықты 352 миллион теңгеге істелген деп айтуға аузың бармайды.

Құрметті Ғани Райымбеков мырза!

Сіз,облыстық мәслихаттың «АMANAT» партиясынан өткен депутаты ретінде мына нысанның Сізге тікелей қатысы болмаса да, қайтадан дұрыстап істелінуіне тікелей қадағалау жасайды деп сенемін.

Сәкен ХАНДІЛЛАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы