Кезінде бүкіл Еуропаны шарпыған қысқа сауалдардан тұратын тек қана шынайы жауап беруді талап ететін қызықты ойын-сауалнама француздың танымал модернист қаламгері Марсел есімімен байланысты.
XIX ғасырдың соңында пайда болған «Пруст сауалнамасы» бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдарында жиі қолданылып келеді. Шарт бойынша қонақтар сауалнама сұрақтарына қысқа, нақты, шынайы жауап беруі қажет. Бұл сұрақтар өзіңді тануға, өзгенің қызығушылығы мен талғамын білуге, сонымен қатар, уақыт өте келе ойың мен көзқарастарыңның қалай өзгергенін бақылауға таптырмас құрал болары сөзсіз.
Төменде «Пруст сауалнамасының» алғашқы қонағы Түркістан облысының құрметті азаматы, көрнекті ғалым Құлбек Ергөбектің сауалнамасын ұсынып отырмыз.
– Сіз үшін ең қатерлі нәрсе?
– Мен үшін ең қатерлі нәрсе – жалған мақтанды малданып қалып, ештеңе бітірмей өмірден өту…
– Қай жерде өмір сүргіңіз келеді?
– Аяулы Сырдарияның арғы бетінде Көксарай аталатын қасиетті жер бар. Қалған өмірімді сол жерде өткізсем, шіркін! Ол – Алтын орданың бас қаласының бірі. Туған жерім!
– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?
– Мен үшін Құдайдың маған меншіктеп берген қасиеті – қанағат. Соны ұлтыма қызметке жұмсай алсам жетеді.
– Сіз үшін бақыт деген не?
-Мен үшін бақыт – баланың амандығы, еліңнің көз ашықтығы.
– Қандай қателіктерді кешіруге болады деп есептейсіз?
– Еліңді сатқаннан басқаның бәрін кешіруге болады…
– Егер сіз Сіз болмасаңыз, онда кім болар едіңіз?
– Менің кім болуым менен гөрі Жаратушының билігінде. Адам Жаратушыға сенеді. Жаратушы адамға септеседі.
– Ең сүйікті әдеби кейіпкерлеріңіз?
– Кейіпкерлер – жазушылардың перзенті. Сенің де. Жақсы көрер кейіпкерлерім көп. Көп перзентті ата секілдімін.
– Шынайы өмірдегі сүйікті кейіпкеріңіз?
– Кейіпкер өмірде емес, әдебиетте. Өмірде кейіпкер болуға дайын қаншама адам жүр.
– Басты кемшілігіңіз?
– Басты кемшілігім – жетім өскендіктен бе, кекшілдік бар секілді бойымда. Кейде қайта алмай қаламын.
– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?
– Елу жылдан бері Абайдың «өзіңе есеп бер…» деген сөзі.
– Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?
– Қазіргі адамдар мейірімнен жұрдай боп барады. ҒТР залалы.
– Біздің заманымыздың мықты ақыны, жазушысы кім?
– Ә.Дүйсенбиевте бір өлең бар: Ең жақсы өлеңім – жазылмаған өлеңім!.. Ең мықты жазушы алда туады!
– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?
– Өзіме де, өзгелерге де жиі айтатын қанатты сөзім: «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?»
– Түркістандықтарға айтарыңыз?
– Түркістандықтар ең болмаса қайда тұрып жатқанын ұмытпаса екен…
Сауалнама жүргізген:
Дәурен ТІЛЕУХАН.