Жақында Түркістан облысының бес жылдығына орай «Киелі Түркістаннан – Шежірелі Таразға» сапары ұйымдастырылды. Руханият көшін облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының қолдауымен ұйымдастырды. Алғашқы сапар Киелі Түркістаннан тасын түртсе тарихы сөйлейтін Тараз қаласынан бастау алды.
Түркістан облысының руханият, әдебиет және мәдениет саласындағы жаңалықтарымен бөлісу, өңір тарихымен өзге облыс тұрғындарын жете таныстыру мақсатында Тараз қаласына бет алған рухани көшті Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Жанат Сәдібекқызы Шардарбекова бастап барды.

Осынау рухани керуен көштің құрамында кітапхана ұжымынан бөлек облысымыздың зиялы қауым өкілдері, атап айтсақ, Түркістан қалалық әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің «Теология» факультетінің деканы Досай Кенжетай, ҚР мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Бекжігіт Сердәлі, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын Айдар Сейдазым, Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Күлзада Малдыбекова, ақын, аудармашы Абай Қалшабек, «Сауран» газетінің бас редакторы Ләззат Сарыбаева (осы жолдардың авторы) сынды ақын, жазушы, журналистер болып қайттық.
Түркістан облысынан жеткен рухани көш керуенін Тараздықтар «Шахристан» тарихи-туристік орталығы алдынан халқымыздың ұлттық салт дәстүрімен, ас атасы – нан, бауырсақ, шұбат сусындарын ұсынып, жылы шырай көңілдерімен қарсы алғандарына көңіліміз шалқып, мерейіміз тасыды.
Салтанатты жиынды Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков құттықтау сөзбен ашып, Түркістан облысының аз уақытта жеткен жетістіктеріне, тарихы тым әріден басталатын қос шаһардың ортақ байланысына, сонымен қатар көштің негізгі міндетіне тоқталып өтті. Сонымен қатар басқарма басшысының орынбасары тараздық жазушы, драматург, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Елен Әлімжан мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғайни Әбеноваға алғыс хат пен сый-сияпат табыстады.
ТАРАЗДЫҚТАР МЫҢ КІТАП СЫЙҒА ТАРТТЫ

Қытай жылнамашылары мен тарихшыларының, саяхатшыларының жазуына қарағанда, қазақ тарихының бастауы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ежелгі қалалардан бастау алады. Жібек Жолы сауда желісі нарықтың алғашқы тұтынушыларының тапсырысын қанағаттандырып қана қоймай, мәдениеттің, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтардың дәріптелуіне де қызмет етті. Ол кезде ауызша жеткенімен бертін келе кітаптардың мән-маңызы ерекшелене түсті. Осыны дәйектей келіп, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әбірхан Жанкулов түркістандықтарға ізгі ілтипатын білдіріп, «Фараб» кітапханасының қорына тараздық қауымнан 1000 кітап сыйға берілетінін жеткізді. Осы орайда айта кетейік, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың бастамасымен «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясына кітап қорын қалыптастыру қолға алынған болатын. Ендеше, облыстағы ауыл кітапханаларының қорын байыту, оқырман сұранысындағы әдебиеттермен қамтамасыз ету мақсатындағы акцияға тараздықтар 1000 кітап сыйлап, рухани байлыққа кенелтті.
Салтанатты жиында Түркістан қаласы әйелдер алқасының төрайымы, ҚР мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаева, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің «Теология» факультетінің деканы, Халықаралық Туркия – Қазақстан достық қоғамы сыйлығының иегері Досай Кенжетай сөз сөйлеп, ізгі тілектерін айтты.
«Сөйлесін енді айтыстың жас баласы,
Дәл бүгін тие қоймас тасқа басы.
Біздердей өлең сүйген жастар барда,
Белгілі ұлттық рухтың ақсамасы.
Таразымның төріне келдік бүгін,
Жиылып қаншама елдің хас дарасы.
Бұл жиын, әр қалаға сапарлайтын,
Түркістанның бастаған бастамасы.
Көшін алғаш осында бұрып жатыр,
Тараздың биік қой деп рас бағасы.
Себебі Түркістан да Таразым да,
Қазақтың жайнап тұрған қос қаласы.
Түркістан түркілердің Астанасы,
Ал, Тараз тарихымның Астанасы.
Таразым қызың керім ұлың батыр,
Айың бүгін оңынан туып жатыр.
Дәл осындай көп болса кездесулер,
Ертеңге сабақ болар бүгінгі ақыл.
Қазақтың қазыналы кең даласы,
Қойнында қанша тарих бұғып жатыр.
Сол тарихты жастарға сіңірсек деп,
Кітапхана әрекет қылып жатыр.
Түркістаннан шыққан көш бүгін міне,
Аттың басын Таразға бұрып жатыр.
Жібек жолын өлтірмей әлі күнге,
Түркістан мен Таразым тұғырда тұр.
Тек қана сауда саттық керуені емес,
Өнер білім керуені жүріп жатыр!
Қалам алып жазбаса да қағазға,
Бабамыздан қалған бізге сөз аз ба.
Рамазанды шығарып сап біз бүгін,
Айттап келдік Түркістаннан Таразға.
Бақыт құсы ұялайды жомартқа,
Кең даладай пейіліңді жоғалтпа.
Тараздағы қонақжай ел сіздер де,
Түркістанға келіңіздер қонаққа!
Түркістанға келсеңіздер қонаққа,
Соғыңыздар кітапхана Фарабқа!
Тараз көрген баста бағым бес елі,
Ал, Түркістан тектілердің мекені.
Ақының да аяқтасын арнауды,
Осыменен тоқтасақ та жетеді.
Көп шайнаған дәм болмайды қазыда,
Көп сөйлесе сөздің дәмі кетеді.
Әрқашанда той боп жатсын осылай,
Қасиетті Қаратаудың етегі»
– деп жас ақын, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің 3-курс студенті, Халық ақыны Әселхан Қалыбекова апамыздың туған немересі Ахметрасул Баянбай арнау өлеңін домбырада шырқап салтанатты жиынның әрін кіргізді.
АҚЫНДАРЫ АРДАҚТАЛЫП,
САЗГЕРІ ТӨРГЕ ОЗДЫ
Сондай-ақ, жиын барысында түркістандық жас ақындар Нұрғали Сердалиев пен Бауыржан Ермановтар жүрекжарды өлеңдерін оқып, тараздықтарды жырларымен баурап алды. Ал, Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының әншілері Алмасқожа Мұзаппаров «Бес қопа», «Сары бидай» әндерін, Бекзат Сәкенұлы «Аманат», «Ризамын» әндерін шырқап, тараздықтарға әнмен шашу шашты.
Тағы бір айтып өтеріміз, кеш барысында белгілі сазгер, журналист, профессор Бекжігіт Сердәлі мен ақын, аудармашы Абай Қалшабекпен кездесу өткізілді. Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым жүргізіп отырды.
Сазгер әрі ғалым-ұстаз Бекжігіт Сердәліні елге танытқан «Жас жұбайлар» әні болатын. Қалың елдің жүрегінен орын алып кеңінен тараған бұл ән талай жастың тойларында шырқалды. Бекжігіт ағамыз тараздықтардың сұрауы бойынша осы әннің шығу тарихына тоқталып өтті.
Бұдан бөлек композитордың «Ақ көңілді, ақ арманым», «Ауыл жатыр той жасап», «Түркістаным – Тұраным», «Астанам – асқақ ән» «Неге, неге?» атты әндері де ел арасында кеңінен тараған. Жиынға келген көпшілік түркістандық сазгердің әнін қосыла шырқады. Ал, ақын, аудармашы Абай Қалшабек аударма өнерінің қыр-сыры туралы кеңінен айтып, сиясы кеппеген өлеңдерін оқыды.
Айта кетейік, «Киелі Түркістаннан – Шежірелі Таразға» жобасы аясында бір күн бұрын «Тarmaqtar» жобасының поэзия кеші ұйымдастырылып, өмірде де, өнерде де қатар жүзіп келе жатқан қос ақын – Еламан Төлеутай мен Рысгүл Досжанова көптің алғысына бөленді. Тараздық оқырмандар алдында екі облыстың дүлдүл ақындары өлең оқып, рухани байлық сыйлады.
КӨШ КЕРУЕНДЕ КӨНЕ
ЖӘДІГЕРЛЕР КӨРСЕТІЛДІ
Сондай-ақ, көш керуенде облыстық «Фараб» кітапханасы тарапынан сирек кітаптар мен логистикаға арналған робот және «Атамұра» үйірмесінің бұйымдарын қамтыған «Тарихыңды таны, тұлғаңды құрметте» атты өлкетану бағыты бойынша кітап көрмесі, көрме инсталляциялар ұйымдастырылды.
Тасын түртсе тарихы сөйлейтін Тараз қаласына барған зиялы қауым мүшелері XI-XII ғасырлардағы сәулет өнері ескерткіштерінің жауһары, аңыздарға сүйенсек Қожа Ахмет Ясауидің жаназасын оқыған қасиетті Қарабураның ұрпағы Айша бибі және оның сенімді серігі болған Бабаджа хатунның кесенелеріне барып, тарихымен таныстық.
Екі күнге созылған шара осылайша өз нүктесін қойды. Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова алдағы уақытта өңір тарихымен өзге облыс тұрғындарын жете таныстыру рухани керуен көші Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың бастауымен жолға қойылған «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясы аясында кітап қорын қалыптастыру мақсатында Қызылорда облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жалғасын тауып, зиялы қауым мен оқырман арасында алтын көпір болатынын жеткізді.
«Уа, дариға! Қазақтың,
Бұзылмаса бірлігі,
Қызып жатса тірлігі –
Саған да арман Түркістан!
Маған да арман Түркістан!» деп ақын Нұрмахан Назаров жырлағандай бұзылмасын қаймағымыз. Халық бірлігі – мемлекет тұтастығы қағидасын ұстанған игі іс-шараның келешек ұрпаққа берер тағылымы мол.
Ләззат САРЫБАЕВА,
Түркістан –Тараз.