- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Жолшыбай ауыл әкіміне: «Шоқтас ауылының тұрғындары бір парақ қағаз үшін, 80 шақырымдағы Сауранға қатынауы қиын ғой. Мүмкін болашақта саяжаймен қосып, Кентаудың қарамағына көшірген жөн шығар»,-деп сыр тарттық.
– Жақында Шоқтас ауылын дамытудың бас жоспарын жасадық. Енді ауыл ішін сапалы түрде абаттандырудың қамына кірісудеміз. Шындығында, ауыл тұрғындарының сұранысымен Кентаудың қарамағына өткізгеніміз жөн болатын шығар. Жаңа мектеп пен интернаты пайдалануға берілсе, ауылға келіп, мал, бау-бақша өсіруге ынталылар көбейеді. Қазірдің өзінде Шоқтастан жер алып, жекеменшік үй салып алуға кезекке тұрғандардың саны 670 адамға жетті. Сондықтан, ендігі кезекте үй тұрғызушыларға қиқы-жиқы етіп сала бермей, тек бас жоспарға сәйкес, түп-түзу көшелері мен жарығы, суы, табиғи газы тартылған, сапалы асфальты бар ауыл етіп көркейтуді мақсат етіп отырмыз, – дейді Шаға ауылдық округінің әкімі Абдумуталип Нарымбетов.
Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері ауылды дамыту жөнінде алты мемлекеттік бағдарлама бекітілген екен. Бірақ солардың дені су аяғы құрдымға кетті. Үш қалаға қарайлаған, соның салдарынан бағы жанбаған Шоқтастың әл-ауқатын кім көтереді? Ел аузында мынадай анекдот бар. Тышқандар мысық қырып бара жатқандықтан өзара ойласып, оның келе жатқанын біліп отыру үшін, «мысықтың құйрығына қоңырау байлап қояйық» деп уағдаласады. Алайда, оған жұлқынып, еш тышқан шыға қоймайды. Сол секілді өзекті мәселелері бастан асатын саяжай мен Шоқтасты қатар көтеріп, абаттандыратын бас жоспар түзіліп, оның әкімгершілігі бекітілмесе, жақсы жобаның зая кетері сөзсіз.
Шындығында болашағы айқын Шоқтастың шұрайлы жері мен тау-тасы туристерді тартатын құтты мекенге де айналар кезі алыс емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жарлығын «Ауыл жылы» деп жариялап, ауылдарды дамытуға барынша ден қоюы шоқтастықтардың да үмітін үкілей түсті. «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деп Бейімбет атамыз айтқандай, инфрақұрылымы абаттана түссе, Шоқтасқа жастардың да ағылары сөзсіз. Үлкен мегаполистерге барып, жұмыс жасап, пәтерден-пәтерге көшіп, ауылдағы қарт әке-шешелеріне қарайласа алмай, алаңдап жүрген көгенкөздеріміз қаншама!?