ДӘСТҮРЛІ ТЕРМЕШІЛЕР ӨНЕРІ ДӘРІПТЕЛДІ

570 көрілім

Түркістанда Төле би бабамыздың 360 жылдығына орай, Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Бабалар рухы үн қатты»  атты термешілер байқауы өтті.

Дәстүрлі байқауға қаладан 26 қатысушы өтінім қалдырып, іріктеу барысында кіші буыннан 11, аға буыннан 3 қатысушы байқауға жолдама алды. Сонау ата-бабамыз жалғаған дәстүрді бүгінде өскелең ұрпақ бойына дарытып, құлақ құрышын қандыратын термешілер қатары көбеюде. Атаулы байқаудың алғы мақсаты, адам бойына рухани азық болар дәстүрлі өнерді дәріптеу.

Байқауда адал бағасын беріп отырған елдің елеулілері: «Алтын домбыра»  иегері, айтыскер ақын, облыстық мәслихаттың депутаты, «Балалар мен жасөспірімдер»   орталығының директоры Бекарыс Шойбеков, «Бітімгер» қоғамдық кеңесінің басшысы, Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Бақытжан Бейсембаев, Түркістан қаласы өнер мектебінің директоры, айтыскер ақын Тұрар Тілеулиев, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды драма театрының әртісі Шәкен Амантұров сынды  зиялы ел ағалары әділ-қазылық етті. Атаулы байқауда өнерін ортаға салған  Халық театры сахналық «Үш би»  қойылымын қойып, Түркістандық Угай тобы  «Мирас»  әнін орындады.

Сайыста бақ сынасқан жүзден жүйрік,  мыңнан тұлпарлар 11-35 жас аралығындағы алғырлар еді. Байқау нәтижесіне сәйкес, бас жүлде Қуаныш Мұхатай, 1- орын Назира Оспановаға, 2- орын  Сабыр Жайырбек сынды аға буын өкілдеріне  бұйырды. Ал кіші буыннан Бас жүлдені Ерсін Аман иеленсе, бірінші орынға Орынбасар Бердалы, екінші орынға Нұртілеу Боранбай, Мейірлан Садық, Гүлсезім Тәңірберген, үшінші орынға Зере Сұңқарқызы, Іңкәр Құтымбай, Қасиет Дүйсенбай ие болды. Дәстүрлі байқауда  түрлі аталым  жүлдегерлері де марапатталды. Жасия Байсейіт Ақтамберді жырау аталымын, Диана Арипбаева Майлықожа жырау аталымын, Сезім Иса Нұртуған жырау аталымындағы жүлдені  жеңіп алды. Байқау соңында қатысушыларға қаржылай сыйлық табысталды. Әділ қазылар құрамы да қала әкімінің арнайы алғыс хаттарымен марапатталды.

Нұрсұлу БӨКЕНБАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы