Сарыағаш ауданында шипалы минералды және термалды суларды пайдалану арқылы сауықтыру туризмі дамыған. Бүгінгі таңда шипалы суымен әлемге танылған Сарыағаш шипажайларына келушілердің саны жыл өткен сайын артып келуде. Шипажайға деген халық сұранысының көп болуына байланысты шипажайлардың саны жылдан жылға артып келуде. Бүгінде олардың қатары «Comfort KZ» шипажайымен толықты. Жаңа мүмкіндіктермен, жаңаша лепте жұмыс жүргізіп бастаған нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Айдарұлы арнайы барып, лентасын қиды. Шипажайдың тынысымен танысқан аудан әкімі, жеке кәсіпкер Шыңғыс Құрбановтың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кетсек, «Comfort KZ» шипажайының құрылысы 2021 жылы басталып, бүгінде халық игілігіне пайдалануға берілді. Шипажай заманауи құралдармен жабдықталған, барлық талапқа сай, сыйымдылығы 80-100 адам. Аталған шипажайдың ашылуы негізінде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жергілікті тұрғындардың жұмыссыздық мәселесі шешілуде.

Сарыағаш ауданында 3 мәдени тарихи нысан, 1 балалар шипажайы, 1 балалар лагері, 1 демалыс базасы және 55 емдік сауықтыру орталықтары қызмет көрсетуде.