ТҮРКІСТАНДА ТАҒАМ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

1  356 көрілім

  Бүгін рухани шаһардағы “Арбат” алаңында “Дəмді Түркістан” I қалалық тағам фестивалі өтті. Қала əкімдігінің бизнесті дамыту жəне туризм бөлімінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан шара шаһарымызда алғаш рет өткенін айта кеткен жөн. Кəсіпкерлерге серпіліс беретін бұл бастамада 12 мейрамхана, кафе, дəмхана ұжымы мен жеке тұлғалар қатысып, бақтарын сынады.


  Шараның мақсаты – жергілікті кəсіпкерлерге аспаздық бизнесін дамытуға оң серпіліс беріп, қолдау көрсету. Фестиваль – аспаз бен тұтынушы арасындағы қызметтің сапасын жақсарту, ұлттық жəне басқа да асханалардың дамуына қолдау көрсетіп, олардың өзіндік өнімдерін таныстыруды көздейді.


  Тағамдар фестиваліне  арнайы келген қала əкімі Рашид Аюпов алдағы уақытта туризм саласына көп көңіл бөлінетінін айтып, азаматтарға киелі мекеннің оң имиджін қалыптастыру бағытында қызметті жандандыруға тілектес екендігін білдірді. Сонымен қатар, барлық қатысушылардың тағамдарынан дəм татып, өзіндік бағасын да берді.
  Комиссия құрамында қала басшысының орынбасары Т.Мұсаев, айтыскер ақын Б.Шойбеков сондай-ақ, туризм жəне тағам бойынша білім беретін жоғары жəне орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары əділ бағасын берді. Нəтижесінде, “Da’mdi” пайдалы ас үйі бас жүлдеге ие болып, иесіне аталған “Арбат” алаңынан кəсіпкерлік орын берілді. Сонымен қатар, I, II, III орынға ие болған азаматтар қаржылай жəне ас үйге қажетті дүниелерге қол жеткізіп, ашық аспан астында орын алған сайыста аспаздар “Үздік даяшы”, “Үздік салат”, “Үздік тағам”, “Үздік десерт” жəне “Үздік сусын” номинацияларымен марапатталды.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
“Түркістан”.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы