- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Түркістан жоғары медицина колледжінде 6 мамандық бойынша, 2000-ға жуық студент білім алуда. Биыл оқуға қабылданғандар саны 502 білімгер. Орта арнаулы оқу ордасы 1965 жылдан бері медицина мамандарын даярлап келеді.

Бүгін 1-курс қатарындағы болашақ дәрігерлерді салтанатты түрде студенттер қатарына қабылдау рәсімі өтті. Колледж директорының уақытша міндетін атқарушы Гүлнар Ахметова: «Білікті болу үшін төзімді һәм өз ісіне деген құрмет болу маңызды. Білімдеріңді жетілдіріп, медицина саласының қыр-сырын меңгеруде зейінді болыңдар. Мықты маман иесі болып қалыптасуларыңа тілектеспін»,-деген лебізін білдірді.

Гүлнар Төлегенқызы оқу ақысына жеңілдік алған студенттік үкімет мүшелеріне сертификат ұсынды. «Білім кілті», «Студенттік билет», «Сынақ кітапшасы» беріліп, Студенттік үкімет президенттігіне сайланған Е-406 тобының студенті Олжас Талғатов президент антын оқыды.

Келесіде медицина колледжінің 2 студентіне облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен “Densaulyq” Денсаулық сақтау ұйымы жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағының шәкіртақысы табысталды. Көпбалалы отбасыдан шыққан оқу озаттары – Е-401 топ студенті Жақсылық Еркеғали, М-402 топ студенті Бақыт Жандос қосымша 16 мың теңгені құрайтын стипендияға ие болды.


Іс-шараның екінші бөлігі жалынды жастардың концерттік бағдарламасымен жалғасты. Өнерлі студенттер көтеріңкі көңіл күй сыйлап, қонақтар мерекелік кештің куәсі болды.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
«Түркістан».
Суреттер автордікі.