ÖZGEEPIС – ЖАҢА ӨНЕР КЕҢІСТІГІ

361 көрілім

ÖzgeEpiс заманауи өнер кеңістігі 2019 жылы Алматы қаласында құрылды. Кеңістік қызметінің негізгі бағыттары – кино, анимация, креативті білім, музыка, театр, медиа, көрме және IT. OzgeEpіс ұжымы құрылған сәттен бастап бірқатар жобаларды жүзеге асырды. Олардың ішінде алғашқы Қазақстандық стриминг сервисі, 3 халықаралық анимациялық фестиваль, 20-дан астам LIVE концерт, 30 спектакль, 15 әдеби кеш өткізді.

Қаламыздағы  «Khanshaiym Plaza» ойын-сауық орталығында  OzgeEpic creative hub филиалы ашылып, өз жұмысын бастады. Енді  кеңістіктегі барлық шаралар тек Алматыда ғана емес Түркістанда да өткізілетін болады. Өнер кеңістігінің ашылу салтанатында фотожурналист Әйгерім Бегімбет, журналист Жанерке Хұмар, фотограф-дизайнер Шыңғыс Әбдіразақтың «Түркістан әйелдері» мен «Тіршілік» атты фотокөрмесі өтті. ÖzgeEpic creative hub қабырғасында  музыка, театр, дизайн, анимация, фотоөнер, көрме, жәрмеңке, айтыс, стенд ап, драматургия бағытындағы сан алуан жобалар жүзеге асырылмақ. Бұған қоса, балалар театры құрылып, дизайн және фотоөнер курстарын ұйымдастыру жоспарлануда.

Креатив хаб Қазақстан мәдениетінің озық өкілдерін тарта отырып, жергілікті өнер қауымдастықтарын қалыптастыруға қызмет етеді. Түркістан жастарының заманауи қазақ мәдениетін дамытудағы орнын айшықтап, қаланың туристік әлеуетін арттыруға үлес қосып, халықаралық түристік орталық ретіндегі мәртебесін мәдени жобалары арқылы жандандыра түспек.

OzgeEpic ұжымы 2019 жылдан бастап Jangyryq жобасын іске асыра отырып, елімізде алғашқы болып заманауи қазақ музыкасының жаңа толқынын жасады. Музыкалық жоба аясында 28 LIVE концерт жазылды және шығарылды, 2019 жылы Qazaqstan телеарнасында, 2020 жылдан бастап Jangyryq LIVE арнасының YouTube арнасында көрсетіліп келеді. Қазақ анимациясын дамыту және жас таланттарды қолдау мақсатында төртінші жыл қатарынан AMEN Халықаралық анимациялық кинофестивалі өткізіліп келеді. Фестивальге 8-ден астам елден мультипликаторлар қатысып келеді.

Дәстүрлі ән өнерін насихаттау және цифрландыру мақсатында Jauhar жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта дәстүрлі музыка орындаушыларының (Маңғыстау мектебі) 10 концертінің аудио және бейне жазбасы жүргізіліп,  стримингтік алаңдарға альбом шығарылды.

Kundelik Project жобасы аясында команда белгілі тұлғалардың жеке күнделіктері негізінде спектакльдер әзірлейді. Екі жыл ішінде Алматыда Асанәлі Әшімовтің «Менің жанрым – күнделік», Мұқағали Мақатаевтың «Мұздама, жылы жүрегім», Герольд Бельгердің «Қазақ күнделігі» пьесалары қойылды. 2021 жылдан бастап кеңістікте Фархад Молдағали басқарған заманауи қазақ театры – StarTDramа зертханасы жұмыс істейді.

Жуырда  OzgeEpic өнер орталығында  О.Бөкейдің  «Ұйқым келмейді» шығармасының желісі бойынша осы аттас моноспектакль қойылды. Қойылым режиссері Олжас Арапбек. Шағын қойылымды облыс  әкімі Д.Сатыбалды, әкім орынбасары Б.Тәжібаев т.б.  көрермендер тамашалады.

Шаира ЖУРАХАНОВА,

Қожа Ахмет ясауи атындағы

ХҚТУ-дің 4 курс студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы