ТҮРКІСТАНДА 21-22 НАУРЫЗ КҮНДЕРІ ЭТНОФЕСТИВАЛЬ ӨТЕДІ

363 көрілім

Думанды Наурыз той мерекесіне орай, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғаны сыртынан құрылған этноауылда ұлттық нақышта әбзелдерімен әрленген киіз үйлер тігілмек.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы Туризм басқармасының басшысы м.у.а. Нұрдәулет Медеуов мәлім етті.

«Ұлыстың ұлы күнінде, яғни 21-22 наурыз күндері Түркістандағы Этноауыл аумағында сағат 11:00-19:00 аралығында «ETNOFEST» мерекелік бағдарламасы өтеді. Бұл күндері қала тұрғындары мен қала қонақтары қазақ халқының мәдениетімен, тарихымен жақынырақ таныса алады. Сондай-ақ, фольклорлық, вокалдық және мың бұралған бишілердің өнерін тамашалайды. Шараға келушілер түрлі шығармашылық шеберлік сабақтарына және ұлттық ойындарға қатысып, түрлі сыйлықтарға ие бола алады. Баршаңызды наурыз мейрамын тойлауға, ұлттық колоритке толы этнофестивальдің қонағы болуға шақырамыз», – деді Нұрдәулет Данабайұлы.

Сондай-ақ келушілер ежелгі қазақ ауылында қазақтың салт-дәстүрлерін дәріптейтін түрлі шаралар мен ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстарды тамашалайды.

Жалпы, қазақстандықтар үшін Наурызды Түркістанда қарсы алу дәстүрге айналып келеді. Биыл да бұл мерекені рухани астанада тойлауға ниет білдірген отандастарымыздың қатары қалың. Мәселен, 18-23 наурыз аралығында Түркістанға 26 ішкі әуе рейсінің ұшу жоспары бар болса, 4 мыңдай орынға арналған ұшақ билетінің 90%-ға жуығы сатылып кеткен.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы