Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповтың төрағалығымен өткен кезекті апталық мәжілісте үш мәселе талқыға түсті. Бірінші болып тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жарасов тұрғындарды табиғи газбен қамту бағытында атқарылған жұмыстар ретін баяндады. 2013 жылдан бері жүргізілген газ құбыры желісінде жобаға енбей қалған 88 үй бар. Оның ішінде 4 тұрғын үй иелері «ҚазТрансГазАймақ» мекемесімен келісіп, көгілдір отын шарапатын көріп отыр. Ал, қалған 84 үйге газ кіргізілмеген. Рашид Абатұлы аталған мәселені тиісті сала мамандарына қадағалауды тапсырды.

Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қаныш Үркінбаев жылу маусымының басталуына байланысты көпқабатты тұрғын үйлердегі бірқатар мәселелер туындап отырғандығын шаһар басшысының назарына ұсынды. Мәлімдеуінше, 1 және 2-мөлтек аудандарындағы 75 көпқабатты тұрғын үйлерде – 2800 пәтер бар. Оның ішінде 1219 абонент газ жүйесіне қосылған. 1241 пәтерге монтаждау жұмыстары жүргіліп, қосылуы жоспарланса, 340 пәтердің құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Әбутәліп Асанов тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың кезекке тіркелуі және баспана беру мәселесі бойынша есеп берді.

– Қала бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тізімдегі саны – 10 886 жанды құрайды. 2017 жылы «Отырар» мөлтек ауданында 480 пәтер берілген. Пәтерді иелену кезіндегі заң бұзушылық бойынша 8 отбасы анықталып, 6 отбасы пәтерден өз еркімен шығарылды. Ал, 2 азаматтың ісіне сот арқылы нүкте қойылған болатын. Биылғы жылы дәл осындай 31 дерек тіркелген. Оның ішінде 11 жанұя баспананы өз еркімен босатса, 18 азаматты пәтерден мәжбүрлеп шығару бойынша сот процесі өткізілді,- деді Ә.Асанов.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
«Түркістан».
