Гаухарбек Күнқожаев – атадан қалған асыл мұраны дәріптеуші, ұлттық нақыштағы аспаптарды жасап жүрген шебер. Гаухарбек Күнқожаевтың негізгі мамандығы – музыкант. Шымкенттегі бұрынғы педагогикалық өнер институтының түлегі. Бірақ, өз саласы бойынша небәрі 2 жыл ғана жұмыс істеген Гаухарбек аға бала күнгі арманы аспап жасауды қолға алған. «Бұл өнерді қолға алуыма екінің бірі домбыра жасап, бизнеске айналдырып ұлттық өнердің құнын түсіріп жібергені себеп болды», – дейді бұл жөнінде шебер.
Қолөнер шебері алғашқы домбырасын өткен ғасырдың 80-жылдары жасаған екен. Ұсталық жолды ұстанған кейіпкеріміздің әр туындыларында зор шығармашылық шабыт, философиялық ой-түйін жатыр. Ағаштан аспап ойып, саздан бұйым жасап шығару бала күнгі дағдысы. Ағаштан түрлі бұйымдарды бала күннен жасап машықтанған шебер, бертін келе ұлттық аспаптарды (домбыра, қобыз) шеберлікпен жасауды меңгере бастапты. Ал соңғы он жылда адамға ой салатын, салмақты дүниелер жасап жүр. Осы ретте шебердің жасаған эксклюзивті домбырасы Елбасы Н.Назарбаевтың жеке мұражайында сақталған. Ал, 5 жыл бұрын елордада өткен көрмеде шебердің тағы бір шедевр домбырасын Голливудтың жұлдызды актері Стивен Сигал сатып алған екен. Шебердің айтуынша жақсы домбыра жасау үшін сапалы ағаш қажет. Шебер оны өзінің туып-өскен Сыр бойынан іздейді. Орман, тоғайды кезіп қураған өрік пен жаңғақ, үйеңкі, қайың сияқты ағаштарды жинайды. Әрбір дүниесін ғылыми ізденіспен жасайды. Оны шебердің қолынан шыққан туындыларынан да аңғаруға болады. Әр туындысын ерекше махаббатпен жасайтын шебер бір туындысына 1,5 жылға жуық уақыт арнап, қиыннан қиыстырған көрінеді.
Гаухарбек шебердің мақсаты – қазақ қолөнерінің асыл мұраларын қолға алып, дамытып, әлемге таныту. «Шебердің қолы ортақ» деген сөз бар. Иә, оның жасаған туындылары мәдени көрсеткіш ретінде қоғам игілігіне айналмақ. Ұлттық қолөнерімізді сан қырынан танытуға үлес қосып, тынымсыз еңбектеніп жүрген шеберге шығармашылық табыс тілейміз.
Жанайым ШЫРЫНБЕКОВА,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің 4 курс студенті.